Белгілі саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Ерлан Саиров өзінің Facebook парақшасында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге жолдаған депутаттық сауалын жариялады.
Министрге қойылған сауалда еліміздегі электронды үкіметті ресейлік «Сбер» платформасына ауыстыру мәселесі көтерілген. Депутат Е.Саиров аталған бастама қоғам тарапынан қызу талқыланып жатқанын жеткізіп, елді алаңдататын сұрақтарға жауап беруді сұрады.
«... келесі сұрақтарға жауап беруіңізді өтінемін!
1. Неліктен Қазақстан Республикасының сандық трансформациясы саласындағы жұмысқа «Сбербанк» серіктестігімен меморандумға қол қойылды?
1.1. Неліктен, банк төрағасы қол қойған мұндай құжатқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қол қоюы тиіс? Министр немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» басшысының деңгейі емес пе?
2. Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы серіктес болу үшін жаһандық деңгейде лидер ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілді ме?
3. Аталған жоба іс-жүзіне асқан кезде, ақпараттық қауіпсіздік нормалары қалай қадағаланады, азаматтардың деректер базасы қай жерде сақталады, бұл базаға шет ел азаматтарының кіру, көру еркіндігі бола ма?
4. Алты жылда мемлекеттік «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 860 млрд астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге, барлық мемлекеттік органдар, квази мемлекеттік сектор, ешқандай қызметін көрмеседе, осы компаниямен келісім-шартқа отыруы тиіс деген ақпаратта бар. Осыншама қаржы бөліне отырып неліктен азаматтар сыртқы-ішкі қолданушы ретінде, үзіліссіз, кедергісіз жұмыс істейтін ұлттық сервис алаңын жасай алмадық?
5. Архив саласын цифрландыруға 1,2 млрд теңге бөлінген екен, осы шаруа неге аяқсыз қалған, қаржы қайда? Азаматтар ең көп қолданатын жердік кадастр саласы неліктен әлі күнге дейін цифрландырылмаған?
Біздің ойымызша, халық, қоғам алдында цифровизация саласындағы жағдай жөнінде есеп беретін уақыт жетті!», – деді сөзінің соңында депутат.
Естеріңізге салсақ алдыңғы аптада Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин электронды үкіметті ресейлік «Сбер» платформасына ауыстыру бойынша жоспарымен таныстырды. Осы жобаға шамамен 500 миллион доллар қажет екендігі белгілі болды.