Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл елімізде Рамазан айы 24 сәуір күні басталатынын айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталатын болды», - деді Бас мүфти.
Осы орайда ол шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау парыз екенін еске салды.
«Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуі керек.
«Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және басқа да мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана) жиналмауға үндейміз», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуы керек.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында, карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз», - деді Бас мүфти.