Президент Владимир Путин Украина шығысындағы Луганск және Донецк облыстарына Ресей әскерін кіргізу туралы бұйрық берді. Бұл жөнінде дүйсенбі күні "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасының" тәуелсіздігін мойындау туралы жарлықта жазылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
Жарлықта Путин Ресей қарулы күштеріне аталған "республикаларда" бейбітшілікті нығайту міндетін тапсырған.
Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, әзірге әскер кіргені жөнінде расталған ақпарат жоқ. Алайда әлеуметтік желілерде Донецкіде әскери техникалардың кетіп бара жатқаны көрінетін видеолар пайда болды.
Украина мен Батыс елдері және сепаратистердің өздері Донбаста бұған дейін де Ресей әскері барын айтқан.
Дүйсенбі күні Путин Украина шығысында "Луганск халық республикасы" және "Донецк халық республикасының" тәуелсіздігін мойындау туралы қаулыға қол қойған. Бұған қоса, Ресей мен аталған "республикаларда" достық пен ынтымақтастық орнату туралы келісімге де қол қойылған.
Ақпаратқа қарағанда, сейсенбі күні мемлекеттік дума мен федерация кеңесі Ресей мен сепаратистік республикалар арасында келісімді ратификациялап, сол келісім негізінде Ресей әскери көмек көрсетеді. Дүйсенбі күні Путин сепаратистік республика жетекшілерімен қол қойған келісімде тараптар "бір-біріне қажетті көмек (әскери көмек те) көрсетеді" деп жазылған. Бұған қоса, бір-бірінің аумағында әскери база салу мүмкіндігі туралы айтылған.
Келісімде Ресей сепаратистік республикалардың қай аумағын танитыны жазылмаған. "ДНР" мен "ЛНР" қазір Донецк және Луганск облыстары аумағының үштен бірін бақылайды. Ал қалған үштен екісі Украина бақылауында. Алайда сепаратистердің өздері екі облыстың аумағына тұтас иелік етеміз деп есептейді.