09 қаз, 2020 сағат 07:00

Путин Армения мен Әзербайжан СІМ басшыларын Мәскеуге шақырды

Ресей президенті Владимир Путин Армения мен Әзербайжанның СІМ басшыларын Мәскеуге Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде қаза тапқандардың мәйіттері мен тұтқындарды алмасу мәселелері бойынша кеңесуге шақырды. Бұл туралы бейсенбі күні Кремльдің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен және Армения Республикасының премьер-министрі Николь Пашинянмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ресей Федерациясының президенті қайтыс болғандардың мәйіттері мен тұтқындарды алмасу үшін гуманитарлық себептер бойынша Таулы Қарабақ қақтығыс аймағында жүргізіліп жатқан әскери қимылдарды тоқтатуға шақырады. Ресей Сыртқы істер министрінің бітістірілушілігімен консультациялар өткізу үшін Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері 9 қазанда Мәскеуге шақырылады», - делінген хабарламада.

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) аясында қол қойылған Таулы Қарабақ бойынша Минск келісімінің өкілдері саналатын АҚШ, Франция және Ресей 8 қазанда Женевада қақтығысты реттеу мәселесін талқылай бастаған. Оған Әзербайжан сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов та қатысқан. 

Бейсенбі күні Әзербайжан сыртқы істер министрі атыс тоқтамайды деп мәлімдеген. Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Армения Таулы Қарабақтан әскерін қашан шығаратынын айтуы тиіс, тек сол кезде ғана келіссөз туралы айтуға болады деген. 

Таулы Қарабақта жағдай 27 қыркүйекте ушыққан. Ереван мен Баку бір-бірін жағдайды ушықтырды деп кінәлайды. Екі жақтан да адам шығыны бар. Қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындар да қаза болған.

Айта кетейік, Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы ақпанда, Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан Кеңестер одағы құрамынан шығатынын жариялаған кезде басталды.

1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыстардың салдарынан Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылаудан шығарып алды.