Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесуге Қазақстан Президентімен бірге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының келесі жылы атқаратын негізгі міндеттері мен бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар ЕАЭО-ның қазіргі қызметіне байланысты бірқатар мәселе жөнінде пікір алмасты.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты.
Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.
