Көрші Ресейден заңсыз көлік әкеліп, бірақ елде тіркемеген 100-ден астам қазақстандыққа іздеу салынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан аумағында тіркелмеген ресейлік көлік иелерімен жұмысты біз биыл тамыз айында бастағанбыз. Алдымен шекарада елге кіріп және шығып жатқан азаматтар арасында түсіндіру жұмысын жүргіздік. Яғни, сырттан әкелінген көліктің заңға сай ел аумағында міндетті түрде тіркеу керектігін түсіндірдік. Оның барысында елге Ресейден жалған құжат және тіркелмеген нөмірмен әкеліп жатқан автокөліктерді анықтай бастадық. Ұсталған автомобильдердің барлығы эвакуация жасалып, айыппұл тұрағына қойылды. Және әрбір күдікті көлік бойынша Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдадық», - деді Серік Түсіпов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
«Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі бізге ол жақта сатылып, бірақ Қазақстанға келген соң тіркелмеген көліктердің тізімін жіберді. Бүгінде сол тізім бойынша елімізде 100-ден астам көлік, яғни оның иесі іздестіріліп жатыр. Заңсыз әкелінген көлік иелері табылған жағдайда заң аясында жауапқа тартылады», - дейді ол.