Фото: Ақорда
Журналистердің сұрағына жауап берген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "Парламент таратылуы мүмкін" деген қоғамда тараған қауесетке нүкте қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ермұрат Бапи билікте саяси реформа жүретіні, Парламент таратылатыны жөнінде әлеуметтік желілерде қауесет тарағанына өз пікірін білдіріп, жел сөзге сенбеуге шақырды.
"Саяси реформа жүреді деген әңгіме бар. Ондай ресми немесе әлде бір талқылау жүріп жатқан жоқ. Ол әлеуметтік желіде, қоғамда жүріп жатқан жел сөз, қаңқу. Мен нақты ол туралы қазір билік тарапынан қозғалыс бар деп айта алмаймын. Парламентті таратуға қажеттілік жоқ. Себебі елде қазір тұрақтылық, тыныштық, өте қажеттілік жоқ. Қоғамда толқу туып тұрса, үкімет пен парламенттің арасында дағдарыс болса, әлде биліктің арасында келіспеушіліктер болса, бірсәрі. Тып-тыныш жатқан Парламентті таратудың қандай қажеттілігі бар?" - деді депутат.
Бірақ депутат Бапи Парламенттің таратылуы мүмкін уақыттын нақты атады.
"Тарату болады, бірақ ол 2027 жылдарға таман... Бәлкім жиырма жетінің басында, не жиырма жетінші жылдардың аяғында Тоқаев мырзаның каденциясы бітер алдында болады. Оған дейін әзірше бола қоймайды", - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашты. Содан кейін қос палата депутаттары Қазақстан Республикасының әнұранын орындады. Кейін Ерлан Қошанов отырысты жабық деп жариялады. Осылай Парламент Палаталарының бірлескен отырысы бірнеше минутқа ғана созылды.
