Оралда саябақта аттракцион бұзылып, салдарынан сегіз бала ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің көбі бас сүйек-ми жарақатын алған. Оқиғаның себептері жақын арада анықталады, - деп хабарлайды "Уральская неделя".
Басылым мәліметінше, оқыс оқиға 2 мамырда "Чудненко" аттракционында болған. Куәгерлердің сөзінше, асқан жылдамдықпен айналып тұрған аттракцион кенет тоқтап қалған.
"Әткеншек кенеттен тоқтап, балалар бір-біріне соғыла бастады", - дейді оқиға куәгері.
Салдарынан 5-10 жас аралығындағы сегіз бала түрлі жарақат алып, облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Жеті бүлдіршін жабық бас сүйек-ми жарақатын (мидың шайқалуы) алды. Тағы бір қыздың денесі көгеріп, терісі жырылған.
Видеодан балалар отырған әткеншек кенеттен тоқтап, орындықтар бір-біріне және әткеншектің орталық тірегіне соғылып жатқанын көруге болады. Сол маңда жүрген ата-аналар бірден балаларына көмекке жүгірді.
Басылым мәліметінше, қалалық саябақтағы аттракциондар РИА "МИР" ЖШС-не тиесілі. Дәл осындай оқиға осыдан екі жыл бұрын болған екен. Ол кезде техникалық ақау салдарынан ""Колесо обозрения" аттракционы тоқтап қалған. ТЖ қызметкерлері аттракциондағы 18 адам, соның ішінде, алты баланы құтқарды.
