19 жел, 2024 сағат 16:06

Олжас Бектенов: Бірыңғай уақыт белдеуі ғылыми зерттеулер негізінде қабылданған шешім

Фото: dknews.kz

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өндірістік нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және инфрақұрылымдық міндеттерді шешу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі де көтерілді. Тұрғындар жаңа уақыт белдеуінің тұрмысқа оң ықпал еткенін атап өтті. Бұл шешім табиғи уақыттың адамдар денсаулығына пайдалы екенін дәлелдеген ғылыми зерттеулер негізінде қабылданған.

Премьер-министр 2017 жылы адамның циркадтық ырғағын зерттеген ғалымдардың Нобель сыйлығын алғанын еске салды. Ол табиғи уақытпен өмір сүрудің артықшылығын дәлелдейтін Барселона декларациясын да мысалға келтірді.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді.  

«Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл зерттеуде ғалымдар табиғи уақытта өмір сүрген кезде адам үшін ең жақсы және пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан қазір әлемнің прогрессивті елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылуда. 
Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік.  
Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз», — деп атап өтті Премьер-министр.   

Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек жағдайларын жақсарту және қолдау шаралары талқыланды.