11 там, 2021 сағат 11:43

Оқушылар дәстүрлі форматта білім алады – министр


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар жаңа оқу жылында қандай форматта білім алатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жұмыскерлердің вакцина алуы да ерекше маңызға ие болып, бұл жұмыс ары қарай жалғастырылады. Бұған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, үзілістер уақытын әр уақытқа белгілеп, «1 сынып - 1 кабинет» жүйесі жұмыс жасайды. Барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады», - деді Асхат Аймағамбетов. 

Оның атап өтуінше, жоғарыда аталған шектеулерді сақтай отырып, балабақшалардағы 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылады. 

Өз кезегінде, мектептер барлық 1 мен 11-сынып оқушысына қатаң санитарлық шектеулерді сақтай отырып, оқытуды дәстүрлі форматта жүргізу, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де дәстүрлі форматта оқыту ұсынылады. 

«Әрине, ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын білім алушыларға уақытша қашықтан оқыту форматымен білім алуды ұйымдастырамыз», - деді министр.

Министр оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсауығын сақтау үшін арнайы санитарлық шаралар қабылданғанын айтты.

Барлық мектеп, колледждер мен университеттерде қызметкерлер мен білім алушылар маска киюге міндеттеледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында күнделікті термометрия, желдету, кварцтеу, дезинфекция шаралары өткізіледі.

Студенттер, педагогтер мен басқа да қызметкерлер ғимаратқа Ashyq жүйесі арқылы кіргізіледі.