Нұр-Сұлтан қаласында үш автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды, деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция хабарлағандай, 26 наурыз күні Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында қала маңына қатынайтын №303 автобус пен №12 бағдарлы автобус соқтығысқан. Кейін оларға №53 қоғамдық көлік пен жедел жәрдем көлігі соғылды.
"Жол апаты салдарынан №303 автобустың жүргізуішісі мен бір жолаушысы қаза тапты", - деп мәлімет берді полиция департаменті.
Қазір полицейлер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, көлік апатының мән-жайы анықталуда.
«Бұл қала маңындағы бағдар, екі автобусқа үшіншісі келіп соғылды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Зардап шеккендер бар екендігі туралы мәлімет келіп түсті. Алдын ала ақпарат бойынша мерт болған адамдар да бар», - деп жауап қайырды ресми сауалға «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Науат Азанбаева.
Әлеуметтік желіде жол апаты болған сәтте түсірілген жантүршігерлік видео жарияланды.
Елордада болған жантүршігерлік жол апаты орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов та барды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваның атап өтуінше, елорда әкімі Б. Сұлтанов Қабанбай батыр даңғылындағы ірі жол-көлік оқиғасы орын алған жерге шұғыл түрде барған.