02 қаз, 2021 сағат 12:05

Нұр-Сұлтанда қызметкер жанып жатқан сауда орталығынан секіріп кетті – видео


коллаж: Tengrinews.kz сайты


Нұр-Сұлтанда сауда орталығынан шыққан өрттен аман қалу үшін 20 жастағы қыз ғимараттың терезесінен секіріп кеткен. Оқиға видеосы әлеуметтік желіде тарады.


Елордалық ТЖ департаменті "Астықжан" сауда орталығындағы өртті сөндіру кезінде 2001 жылғы қыз зардап шеккенін хабарлады.


Анықталғандай, ол - "Универсал" жиһаз цехының қызметкері.


«Өрт сөндіру барысында «Универсал» жиһаз цехының 2001 жылы туған қызметкері зардап шеккен. Қазір ол қыз Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілді, жағдайы орташа дәрежеде», - деп жазылған ресми мәліметте.


Еске сала кетейік, бүгін таңертең елордада "Астықжан" сауда орталығы өртенді. Үшінші қабатта жиһаз салоны жанған. Өрттен шыққан қою қара түтін қаланың әр жерінен көрінді.


Өртті сөндіруге елордалық 76 өрт сөндіруші мен 19 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды.