01 нау, 2022 сағат 12:48

"Nur Otan" партиясының атауын өзгерту ұсынылды

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

"Nur Otan" партиясының атауын "Аманат" деп атау ұсынылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов елмен бірге партия да жаңғыруы қажет екенін атап өтті.

"Партияның табиғаты да, атауы да өзгеріп жаңаруы керек деп санаймыз. Мұндай өзгерістер қажет екенін өңірлерге барған кездегі кездесулерде байқадық. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды. Бірқатар ұсыныс айтылды. Пікірлесе келе, партиямыз "Аманат" деген атауға лайық деген тоқтамға келдік", - деді ол "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXII съезінде.

Оның айтуынша, ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толықтырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізу керек.

"Бабаларымыз бізге Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Мыңжылдықтардың ар жағынан бастау алатын бай тарихымызды бүгінге жеткіздік. Сонымен қатар елдік мұратымызды, ұлттық мұрамызды, бірліктің, татулықтың дәстүрін ұрпаққа табыстады. Осы ел мен осы жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырды", - деді спикер.

Ол ендігі міндет оны келер ұрпақтарға лайықты аманат ету деп отыр.

"Біз - ел бірлігін, халық тұтастығын, ұлттар татулығын, еңбекқорлықты, біліктілікті болашақ замандарға жаңартып, жаңғыртып жеткізуге міндеттіміз. Бұл істе тыңнан түлеген, сындарға шыңдалған партияға жүктелер жауапкершілік салмағы орасан. Біз қашан да бабалар аманатына адал болуға тиіспіз. Бұл - біздің перзенттік парызымыз. Сондықтан еліміздің ең басты саяси ұйымның "Аманат" деп аталуы орынды деп ойлаймыз", - деді Қошанов.

Съезде Мәжіліс фракциясының депутаттары партия атауын "Аманат" деп өзгертуді ұсынамыз, деп түйіндеді ол.