14 там, 2024 сағат 11:35

"Не аптечка, не мұз, не салфетка жоқ": Ләйлә Сұлтанқызы әуе компаниясының үстінен арыз жазды


Танымал журналист, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы ұшақта денсаулығына зақым келтіріп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БАҚ өкілінің айтуынша, оқиға Шымкенттен Астанаға ұшып келе жатқанда болған. 

"Бүгін кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлап, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды. Бұл әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай. Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ", – деп ашуланды медиа маманы. 


Сонымен қатар журналист әуе компаниясының үстінен арыз жазғанын мәлімдеді. 

"Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе, жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті", – деп жазды продюсер.