Фото: Ult.kz
Жаңа оқу жылының басталуына бір айда аз уақыт қалды. Бүгінде көптеген отбасылар үшін басты міндет – баланы мектепке толық дайындау. Қалам-дәптерден бастап, мектеп формасына дейін алып, сонымен қатар отбасы бюджетін де сақтап қалу – әр ата-ананың басты уайымы. Осы орайда Ult.kz тілшісі Алматыдағы атақты «Барахолка» атанып кеткен үлкен базарды аралап, мектеп формасының бағасын саралап көрді. Барахолкада сауда қазір қыз-қыз қайнап жатыр екен. Адам қарасы көп.
Фото: Ult.kz
Бірыңғай талап – әртүрлі баға
Қазақстанда мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптар бар. Ол – оқу орнының зайырлы сипатына сай болуы және классикалық стильде тігілген болуы шарт. Сонымен қатар, форманың түсі үш түстен аспауы тиіс.
Ұлдарға арналған форма жиынтығына мыналар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, салтанатты және күнделікті жейде, сондай-ақ поло жейде немесе тенниска. Шалбар – кең әрі тобықты жабатын ұзындықта болуы тиіс.
Қыздарға арналған форма жиынтығы: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық үлгідегі блуза, трикотаж кофта не кардиган, поло жейде немесе тенниска, сарафан.
Фото: Ult.kz
Жалпы мектеп формасының толық жинағының бағасы өңірге, өндірушіге және сапасына қарай әртүрлі. Дегенмен ата-аналар үшін басты мәселе – баланың өзін жайлы, сенімді сезінуі. Ал сатушылардың айтуынша, биылғы орташа баға да қалтаға тәуір салмақ салары сөзсіз.
«Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады»
Сатушылардың айтуынша, ең қажетті деген негізгі киімдерді алғанда, 60 мың теңге шамасындағы сомаға алуға болады. Алайда бұл тек шартты түрде ең арзан нұсқаларды қарастырғанда екен. Себебі баланың талғамы мен қалауы да ескеріледі.
Фото: Меруерт Нұрахметқызының жеке мұрағатынан
«Арзан блузканың сапасы нашар, әрі синтетикасы көп болуы мүмкін, мұндай киіммен күні бойы жүру балаға жайсыз болады. Сонымен қатар, балаға бір ғана жейде жеткіліксіз. Кем дегенде 2–3 жейде, ішкиім, гольф, етік немесе туфли, сонымен бірге спорттық форма мен аяқ киім де қажет.
Қазір сізге орташа бағадағы тауарларды көрсетсем, қыздарға арналған блузка 2 500 - 3 800 теңге, ал ұлдарға арналған ақ жейделер 2 200, 3 200, 3 400, 3 300 теңге болады. Костюм бағасы – 7 500 - 12 500 теңге. Қыздарға арналған үшеулік – 6 800 теңге, ұлдарға арналған екеулік – 8200 теңге. Ал запасы орташа сөмкелердің бағасы 3 500-5 000 теңге аралығында. Бұл әрине бюджеттік, орташа баға. Ал сапасы жоғары, қымбатын аламын десеңіз, 2–3 есе шығындалуға дайын болуыңыз керек», – дейді сатушы Меруерт Нұрахметқызы.
Егер барлық қажетті затты – пиджактан бастап тенниска мен аяқ киімге дейін, қосымша спорттық форма мен маусымдық киімді қоса алғанда, толық жабдықтайтын болсаңыз, онда шығын мөлшері баға әлдеқайда асып, кей жағдайда 150-200 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл — әр отбасының қаржылық мүмкіндігі мен баланың жеке қалауына байланысты өзгеріп отырады.
Фото: Индира Сәтімнің жеке мұрағатынан
«Өзім жас болсам да үш баланың анасымын. Биыл оның екеуін мектепке дайындауым керек. Мектеп формасын таңдау кезінде тек бағаға емес, сапа мен жайлылыққа да назар аударған жөн. Мектеп формасынан бөлек, қажетті құрал-жабдықтарын да түгендейміз. Оның өзіне біршама ақша кетеді. Мәселен, мен былтыр бір бағаға 10 ұсақ торлы, 10 көлбеу сызықты, 10 жалпы дәптер, 10 қалың қап, 1 пенал, қаламдар мен қарындаштар (қарапайым – 10, түсті – жиынтық) және сызғыш, ұштағыш, өшіргіш алғанда 12 000 теңгедей болған. Ал оған қосымша портфолио, сурет альбомы, акварель, палитра, су ыдысы, қылқалам, закладкасы және қалауыңызша тұғыр мен папкаларды есепке алғанда барлығы 25-28 мың теңгедей ақша жұмсағам. Биыл барлық нәрсенің қымюаттағанын ескерсек, бұдан да артық қаражат кететінін шамалап отырмыз. Екі баланы дайындағанда кемі 70-80 000 теңге осындай оқу құралдарына жұмсалмақ», – дейді алматылық Индира Сәтім.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, мектеп формасын таңдауда басты назар аударылуы тиіс бірнеше маңызды өлшем бар.
Бірінші – мата сапасы. Киім табиғи немесе аралас (натуралды және синтетика қосылған) матадан тігілгені жөн. Толықтай синтетикалық материал теріні тітіркендіріп, ауа өткізбейді, бұл – жазда терлетіп, қыста тоңдырады. Мұндай киім ұзақ уақыт киюге арналмаған.
Екінші – қозғалысқа ыңғайлылық. Бала формамен отырып-тұра алуы, қолын жоғары көтеруі, сабақта да, үзілісте де өзін еркін сезінуі қажет. Киім тар немесе шектен тыс кең болмауы тиіс.
Фото: Ult.kz
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы
Айта кетейік, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асатын бұл жоба жыл сайын мыңдаған балаға жаңа оқу жылын лайықты қарсы алуға мүмкіндік беріп келеді.
Игі шараның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан оқушыларды мектепке дайындауға қолдау көрсету, олардың білім алуға деген ынтасын ояту, қатарынан қалдырмау.
Акцияға мемлекет тарапынан ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындар, бизнес құрылымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де белсенді қатысып келеді. Ең бастысы, бұл бастамаға елінің ертеңіне бейжай қарамайтын әр азаматтың атсалысуына мүмкіндік бар. Қайырымдылық көмек алу не оны ұсыну үшін жергілікті білім басқармаларына, мектеп әкімшілігіне немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге болады. Айта кетейік, көмек атаулы сипатта көрсетіледі, яғни, ата-аналардың (заңды өкілдердің) өтініші бойынша немесе мұқтаждық фактісі анықталған жағдайда ғана беріледі.
Ақбота Мұсабекқызы
