Елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қазақ даласындағы ашаршылықтың зардабы, себебі мен салдары туралы пікір білдіріп, осы бағыттағы мәселелерді кеңінен талқылады.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қараудың маңызды екенін айтты.
«Ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал», – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ, ол объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық қамту керектігін және сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеу қажеттігін тілге тиек етті.
Өйткені алапат аштыққа ұжымдастырудың дайын емес ортада жүргізілуі, жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы ескерілмеуі және сол кездегі режимнің көздеген мақсатқа жету үшін адам өмірін есепке алмауы сияқты озбыр саясаттың зардабы тигені сөзсіз. Тоталитарлық режимнің осындай саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілгені мәлім.
«Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы ашаршылық Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болғанын, тек тәуелсіздіктің арқасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздағы ақтаңдақтар мемлекеттік деңгейде көтеріле бастағанын айтты. Сондай нақты жұмыстардың нәтижесінде 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгені белгілі.
«Биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл толып отыр. Алапат нәубеттің 30-жылдардағы екінші кезеңіне де 90 жылдың жүзі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы тақырыпқа тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керектігін айтқан болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесінде мемлекет тарапынан бұл мәселеге басымдық берілуі өте орынды», – деді Сенат Төрағасы.
Ол ашаршылық тақырыбын көтеру егемендіктің қадірін терең түсіну, біртұтас тәуелсіз ұлттық сана қалыптастыру және тарихтан тағылым алу үшін керек екенін айтты.
«Бұл тақырып, ең алдымен, Тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет. Өйткені, қазір әлемдік ахуал өте күрделі және құбылмалы екенін көріп отырмыз. Күн өткен сайын қарама-қайшылықтар тереңдеп, түрлі қақтығыстар қарқын алып келеді. Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес. Дәл осындай жағдайда Тәуелсіздігімізді мызғымастай берік ету – біздің басты міндетіміз. Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал, Тәуелсіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, Сенат Төрағасы тарихты даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдаланудың маңызы зор екеніне назар аударды. Расында, кешегіміз арқылы бүгінімізді бедерлеп, болашағымызды бағдарлай аламыз. Сол арқылы ұлт ретінде жолымыздың даңғыл болатыны анық.
«Біздің ашаршылық тақырыбын жаңаша зерделеуіміздің себебі осы аталған факторлардан бастау алады. Президентіміздің бұл мәселені көтеруінің негізгі мән-маңызы да осында жатыр. Осы ретте бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады. Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы осыған орай отандық тарихшы ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтып, нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп екеніне назар аударды. Ол бұл жұмыста тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керектігіне де баса мән берді. Сондай-ақ, осы бағытта тиісті архив деректеріне, оның ішінде көршілес елдердегі материалдарға қол жеткізудің, оларды жүйелеу және мұқият зерделеудің, өңірлермен, ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың және аштықты бастан кешкен куәгерлердің естеліктерін жинақтаудың маңызы зор екенін айтты.
Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта осы бағыттағы құнды зерттеулер ғылыми ортада ғана қалып қоймай, қоғамда кеңінен дәріптелуі керектігін де айтып өтті.
«Бұл ретте жас аудиторияға басымдық берген жөн. Мемлекет басшысы 30 жылдық мерейтойды атап өтуге арналған жиында шаралар негізінен жастарға арналуы керек екенін айтты. Себебі, барлық бастама болашақ ұрпақтың игілігі үшін іске асырылуда. Ашаршылық тақырыбында да біз осы ұстанымнан айнымауымыз керек», – деген Сенат Төрағасы ашаршылық тақырыбын зерттеуде жас ғалымдарды да кеңінен жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
Өз кезегінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тақырыбында баяндама жасап, зобалаңның себептеріне және онымен күрес жұмыстарына тоқталды.
Ал, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл ашаршылық феноменін зерттеудің теориялық және әдіснамалық мәселелеріне назар аударды.
«Қазақстандық қоғамның тарихи санасын қалыптастыру – ұлттық тарихтың қайшылықсыз, жүйелі, дефрагментацияланған және «ақтаңдақтардан» арылған картинасын жасау міндеттерінің бірі. Кеңестік кезеңнің, әсіресе, оның алғашқы онжылдықтарының тарихын объективті зерделеу бізге қазіргі қазақ ұлтының қалыптасу қисыны мен тетігін, қазақ халқының бейімделу және жаңғырту стратегияларын неғұрлым толық түсінуге мүмкіндік береді», – деді Еркін Әбіл.
Сонымен қатар дөңгелек үстел кезінде ашаршылық тақырыбын кеңінен зерттеп жүрген АҚШ-тың белгілі тарихшы ғалымы Сара Камеронның бейнебаяндамасы тыңдалды. Ол қазақ халқының басынан өткен ашаршылық денсаулық сақтау саласы тұрғысынан әлі зерттелмегенін айтты.
«Ашаршылық қазақ халқының болмысына орасан зор зардабын тигізгені анық. Қазақтардың өзінің төл мәдениетінде маңызды рөлге ие болған көшпелі өмір салтынан бас тартуынан тура келді», – деді Сара Камерон.
Одан бөлек, жиын барысында Талас Омарбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Смағұл Елубай, Бейбіт Қойшыбаев және тағы басқа ғалымдар баяндама жасады. Жиын қорытындысы бойынша арнайы ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.
Іс-шараға еліміздің бір топ ғалымдарымен бірге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және БАҚ өкілдері қатысты. Ауқымды жиын Парламент Сенатының, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өткенін айта кеткен жөн.