Түркияда іздеу жарияланған Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сұрауы бойынша ІІМ Интерпол арналары арқылы іздеуде жүрген Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады.
"Талғат Арданның Түркия Республикасы аумағында болу ықтималдығы туралы қолда бар ақпаратқа байланысты оны экстрадициялау туралы осы мемлекеттің құзырлы органдарына сұрау салу жіберілді (28.09.2019 жылы).
2021 жылдың 15 сәуірінде Түркияның Интерполынан Стамбул қаласының Бакыркөй қылмыстық соты экстрадициялау туралы өтініш негізінде Талғат Арданды (сырттай) қамауға алу туралы қаулы шығарғаны туралы ақпарат келіп түсті. Қазіргі уақытта Түркия аумағында іздеуде жүрген адамды анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Қазақстанның бас прокуроры.