«Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, АИБА Халықаралық федерациясы комиссиясының мүшесі Ермахан Ыбырайымов Токио Олимпиадасын жеңілген боксшыларымыздың ойынына талдау жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Олимпиада ойындарындағы спортшыларға алдаңы уақытта тек қана жеңіс тілей отырып, 91 келідегі Василий Левиттің ойынына тоқтала кетейін. Василий Левит екінші раудта испандық спортшының соққысынан қатты нокдаун алды. Бұл ойынды өте жақсы бақылап отырдым. Рингтегі төреші бірінші соққыдан кейін-ақ ойынды бірден тоқтатып, нокдаун санау керек еді. Рингтегі төреші моментті жіберіп алды және қарсыласына тағы соққы жасауына мүмкіндік берді. Бұл жерде бірінші кезекте рингтегі төрешіні кінәлар едім», - деді Олимпиада чемпионы Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте.
Сонымен бірге, спикер Левиттің қарсыласы Эммануэль Рейес Планың Испанияның емес, Кубаның боксшысы екенін еске салды.
«Ол Испанияның азаматтығын қабылдап, сол елдің атынан шығып жатыр. Сондықтан бұл - осал емес, өте мықты боксшы. Және Василий Левитті еш кінәлауға болмайды, ол бар күшін салды. Енді Левитке айтарымыз, еш еңсесін түсірмей, келесі жарыстарға жақсылап дайындалуы керек», - дейді Ермахан Ыбырайымов.
Ермахан Ыбырайымов 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Жүсіповке тым көп жауапкершілік артылды деп есептейді.
«Абылайхан Жүсіпов пандемия кезінде бір жыл бойы Олимпиада ойындарын күтті. Бұл психологиялық тұрғыда өте ауыр. Содан кейін 69 келі салмақ қазақтардың салмағы болып саналды. Одан «алтын» алу парыз сияқты көрінетін. Қанша дегенімен жас боксшы осындай үлкен жауапкершілікті көтере алмады, ойында өте сылбыр ойнады, созған қолымен соққы жасамады, қашықты сезінбеді. Тек төбелесе берді, аяқ жағында америкалық боксшыдан жеңіліп қалды. Ең басты себеп – үлкен жауапкершілікті көтере алмағаны», - деп бағалады Ыбырайымов.
81 келіге дейінгі салмақта Бекзат Нұрдәулетов те алғашқы жекпе-жегінде ресейлік Имам Хатаевтан жеңілді.
«Бекзат Нұрдәулетов созған алдыңғы қолымен мүлдем ойнамады. Өздеріңіз көрдіңіздер, ресейлік қарсыласының бойы әлдеқайда қысқа, оны алстан-ақ ұрып тастауға болар еді. Оны Санкт-Петербург қаласындағы жарыста өз елінде жеңген еді. Бұл жерде тағы айтарым, Олимпиадада психологиялық тұрғыда өз-өзін ұстай алмады, сөйтіп жеңілді. Өте өкінішті. Бірақ Қазақстаннан әлі төрт бокшысы шығады. Сондықтан, қалған боксшыға сенім артамыз және әлі де Қазақстан боксшылары алтын-күміс әкеледі деген сеніміміз мол», - деді Ермахан Ыбырайымов.