04 қаз, 2016 сағат 11:36

Қызыл кітапқа енген құстарды қырған араб шейхтары жазалана ма?

Бетпақдаланың Жамбыл облысы құрамына кіретін  аумағынан браконьерлер ұсталды. Олар екі адам, Сауд Арабиясының шейхтары болып шықты, деп жазады Замана.

Бұл адамдар Қызыл кітапқа енгізілген аңдар мен құстарды аулаумен айналысыпты. Полицейлер олардан 12-ші ұңғылы аңшы мылтығы мен қапшыққа салынған 6 қарабауыр бұлдырық және 1 дуадақ тәркілеген.

Міне, осындай қылмыспен қолға түскен адамдар заң алдында жауап беруі керек еді. Өкінішке орай, Жамбыл облыстық прокуратурасының қызметкерлері полицейлердің ісін заңсыз деп тауып, шейхтарды босатып жіберіпті. Тиісінше, полицейлер осыған наразы болуда. Ал прокуратура қызметкерлері әзірге кінәлілер ешқайда кете алмайды, заң алдында жауап береді деп сендіріп отыр.

Негізі, мұндай заң бұзушылық үшін кінәліге 6 миллион теңге айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі екен. Соған қарағанда, бұл шейхтар жазадан айыппұл төлеп-ақ құтылатын шығар. Ал олардың қолынан өлген құстардың қайта тірілмейтіні белгілі.

Көздің қарашығындай қорғалуы тиіс құстарымызды әркім келіп осылайша қырып кете берсе, ұлтымызға һәм намысымызға сын. Сондықтан ондайларды қатаң жазалаған әлдеқайда әділетті болар еді-ау.