27 нау, 2019 сағат 22:07

Құлаған тікұшақтың ішінде 13 адам болған, 3 адамның мәйіті табылды - Қорғаныс министрлігі

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағында 13 адам болған, бәрі де қаза тапты, деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.  

"2019 жылдың 27 наурызында ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің ұшағы апатқа ұшырады. Сағат 17:35 кезінде «112» пультіне Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабарлама келіп түсті. Бортта 13 адам болған. Әзірге оқиға орнынан үш мәйіт табылды. Олардың кім екені әлі анықталған жоқ. Тікұшақтың қалдықтары 500 метр жерден табылып отыр. Зардап шеккендердің жағдайы анықталып жатыр. Тікұшақ 4 әскери тікұшақтан тұратын бөлімнің құрамында Ақтау қаласынан Шымкент қаласына бара жатқан", - деп жазылған хабарламада.

Қорғаныс министрі генерал-майор Н. Ермекбаевтың бұйрығымен министрліктің арнайы құрылған комиссиясы апат орнына жіберілді.

"Қазіргі уақытта төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына қонды, ал бір тікұшақ апат орнына қайтып оралды. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, оқиғаның себебін тергеуді бастады", - деп толықтырды министрліктегілер.

Аталмыш әуе кемесі ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі екені анықталып отыр.