03 там, 2025 сағат 19:32

"Қазақтың тойы өзгере алады екен": Қонақтар Димаш Құдайбергеннің қарындасының ұзатуына тәнті болды

Фото: Instagram.com

Журналист әрі қоғам белсендісі Бауыржан Бабажанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өзгеше форматта өткен қыз ұзату тойына тәнті болғанын жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, Қанат пен Света қыздары Раушанды ұзатқан салтанат — бұрынғы тойлардың қалыптасқан үлгісін түбегейлі өзгерткен әсерлі оқиғаға айналды.

«Қазақтың тойына реформа жасау керек» деп айтылып жүргеніне біраз болды. Талай талпыныс нәтижесіз аяқталды. Бірақ кешегі той бұл пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеді. Той форматын өзгертуге болады екен», – деді ол.


Тойда көпшіліктің микрофонға жүгіріп, кезекпен тілек айту дәстүрі болмаған. Оның орнына жүргізушілер әр үстелге барып, ондағы қонақтарды жеке таныстырып, экраннан көрсеткен. Әр үстел гүл атауымен аталып, ерекше атмосфера қалыптасты.

Раушанның өмірі мен ата-анасының перзентіне деген ықыласы экран арқылы берілген бейнежазбада шынайы жеткізілген. Сондай-ақ қазақтың қыз ұзату дәстүріне қатысты тарихи деректер де бейне арқылы көрсетіліп, жиылған жұрттың ықыласына бөленді.

«Той иелері қысқа сөйледі. Есесіне экраннан ақжарма тілектер берілді. Бұл риясыз, шынайы әсерге толы ерекше шешім болды», – деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.


Тойдың шарықтау шегі – Димаш Құдайбергеннің арнайы жазған "Қарлығашым ұя салғанда" әні болды. Бұл сәтте көз жасына ерік бермегендер аз болмаған.

Раушан мен Ермаханның махаббат хикаясы көркем фильмге бергісіз бейнекөрініс ретінде ұсынылып, қонақтардың ерекше ықыласын тудырды. Тойдың қалай өтіп кеткенін қонақтар түн жарымында бір-ақ аңғарған.

«Кете алмай есік алдында тұрып алып, әсерлерін бөліскен адам қаншама?!» – деп түйіндеді ол жазбасын.


Журналисттің айтуынша, бұл той көпшілікке жаңа үлгі, жаңа шабыт сыйлаған айтулы оқиға болды.