Алматыда алғашқы Solana Fest фестивалі аяқталды, деп хабарлайды ult.kz.
Бір ғана демалыс күнде қала әлемдік шоу индустриясының орталығына айналды. 16 мамырда бір сахнада Timbaland, Nicole Scherzinger, Keri Hilson, John Newman, Tyga, Busta Rhymes және Flo Rida өнер көрсетті.
Фестивальге 25 мыңнан астам көрермен жиналды. Іс-шараға Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия және өзге де елдерден де қонақтар келді.
Көрермендер әсіресе, Busta Rhymes-тың өнерін және Flo Rida-ның жанкүйерлермен араласып, көрермендермен бірге билеген шоуын ерекше ықыласпен қабылдады.
Сондай-ақ, өнерпаздарға қазақы қонақжайлық көрсетіліп, музыканттарға ұлттық шапан мен бейнесі салынған авторлық кілем табысталды.
Ұйымдастырушылар фестивальдің жалғасатынын айтты. Қазірдің өзінде жаңа әлемдік хедлайнерлер қатысатын Solana Fest-тің екінші маусымына дайындық басталып кеткен.