Коронавирусқа қарсы қытайлық Vero Сell вакцинасы партиясының Алматы әуежайына жеткізілу сәті. 10 тамыз 2021 жыл.
Алматыға қытайлық Vero Сell вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді. Бұл туралы Air Astana баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Air Astana әуе компаниясы Бейжіңнен тікелей Sinopharm компаниясының Vero Сell вакцинасын жеткізді. Бір млн дозаны жеткізу «СҚ-Фармация» тапсырысы бойынша екі рейспен іске асырылады», - делінген хабарламада.
Бірінші рейс Алматыға бүгін сағат 12:30-да жетті. Ал екінші рейс 11 тамызда сағат 13:20-ға жоспарланып отыр. Жалпы салмағы 20 тонна болатын медициналық жүк термо-контейнерлерде тасымалданып, 2-ден 8 градусқа дейінгі температуралық режим сақталады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, SARS-CoV-2 (VeroCell) – өлген вирус негізінде әзірленген вакцина. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің нәтижесі бойынша, 21 күн үзіліспен салынған вакцинаның екі дозасы оның коронавируспен күресте 79 пайыз тиімді екенін көрсеткен.
Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданатын төрт түрлі вакцина бар: Қарағанды қаласында шығарылатын ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі (БАӘ елінде дайындалған) және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac вакцинасы. Оның екеуі – Sinopharm мен Sinovac Biotech екпелерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдаған. Қазақстанда жұрт негізінен "Спутник V" мен QazVac салғызады.
