09 сәу, 2026 сағат 11:09

Қазақстанда жануарларға қатысты заңға өзгерістер енгізілді

Фото: Gov.kz

Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат жануарларға қатысты заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және оларға ізгілікпен қарау қағидаларын күшейтуге бағытталған.

Түзетулерге сәйкес, ұсталған жануарларды қайтадан көшеге жіберудің алдын алу үшін оларды міндетті түрде уақытша ұстау пункттеріне тапсыру ұсынылады. Сонымен қатар, иесіз жануарларды мемлекеттік бюджет есебінен вакцинациялау нормасын алып тастау көзделген.

Сондай-ақ қараусыз жүрген жануарлардың санын реттеу шаралары күшейтіледі. Қоғам денсаулығын қорғау және жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында эвтаназия қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл функциялар жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп, олардың өкілеттіктері кеңейтіледі.

Құжатта үй жануарларын есепке алу жүйесін дамыту да қарастырылған. Атап айтқанда, жануарларды міндетті түрде чиптеу енгізіліп, оларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді.

Бұдан бөлек, қоғамдық бақылау құқығы бекітіледі. Енді қоғам өкілдері жануарларға арналған панажайлар мен уақытша ұстау пункттеріне барып, олардың жағдайымен таныса алады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Ветеринария туралы» заңдарға да өзгерістер енгізді. Бұл түзетулер жергілікті органдардың жануарлар санын реттеу, панажайларды қолдау және жануарларды жаңа иелеріне беру бойынша әлеуметтік жарнаманы дамыту бағытындағы өкілеттіктерін нақтылайды.