Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ақпараттандырудың жаңа объектілерін QazTech «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасынан тыс әзірлеуге мораторий енгізіледі.
Бұл шешім цифрлық жобаларды бірыңғай архитектура шеңберінде дамытуға, жүйелердің бытыраңқылығын азайтуға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Сонымен қатар, егер қандай да бір мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік ұйым жаңа жүйені QazTech платформасында әзірлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда, мұндай жағдай Президент жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.
Комиссия әрбір жобаны жеке қарап, оның қажеттілігі мен техникалық орындылығын бағалайды.
Бұл Жарлық цифрлық экожүйені орталықтандыру, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
