31 қаз, 2020 сағат 10:55

Қазақстан Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге дайын - Тоқаев

Мемлекет басшысы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды. 

– Сізге және осы табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын. Жарақат алған адамдардың тез арада отбасыларына қайта оралуларына дұға етеміз. Бауырлас түрік халқына шынайы тілекші ел ретінде, қажеттілік туындаған жағдайда, қазақ халқы мен Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын, – делінген жеделхатта.

Осыған дейін Түркияның батысында 6,6 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланды.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі осы оқиғаның салдарынан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының жоқ екенін мәлім етіп, көмек қажет болған жағдайда хабарласатын телефон нөмірлерін жариялады.

Соңғы мәліметтер бойынша, зілзаланың салдарынан Түркияда 12 адам мерт болып, 522 адам зардап шекті.