Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Ли Кэцянді Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьері лауазымына тағайындалуымен және Қытай Халық Республикасы Компартиясының ХІХ съезінің табысты өтуімен құттықтады.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталып, оның өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болуға тиіс екенін айтты.
– Мен Сіздің 2014 жылғы желтоқсан айында Қазақстанға келген сапарыңызды ойыма алып отырмын. Сол кезде Сіз елдеріміз арасындағы бірлескен индустриалды-инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өте қызықты әрі батыл идеялар ұсындыңыз. Осы бастаманың арқасында Сізбен бірге жалпы көлемі 28 миллиард долларды құрайтын 51 жобаға қол қойдық. Солардың 11-і жүзеге асырылып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында тараптар энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.