25 қар, 2020 сағат 12:41

Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жолдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қырғызстанға гуманитарлық жүк жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомствоның мәліметінше, бұл көмек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Үкіметтің 13 қарашадағы № 763 қаулысына сәйкес беріліп отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 23 қарашада Қырғыз Республикасына ауыр жүк көлігімен «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 данасын және Қазақстан кәсіпорындарында өндірілген 2 млн медициналық масканы жіберді.

Жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны - 390 млн теңгеге жуық.

Оның ішінде «Тыныс» АҚ шығарған «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету аппараттарының құны - 328 млн теңге.

«Dolce pharm» ЖШС және «Mega pharm» ЖШС шығарған медициналық бетперде құны - 61 млн теңге.