Алматыда тұрғындар құқық бұзушылық туралы QR-кодты сканерлеу арқылы полицияға хабарлай алады, деп хабарлайды ult.kz.
5 қазан мен 5 қараша аралығында қалада «Қауіпсіз үй» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында құқық бұзушылық туралы хабарлауға арналған QR-коды бар ақпараттық парақшалар орналастырылуда.
Полицияға хабарлау үшін тұрғындар QR-кодты сканерлеп, болған оқиғаны сипаттап, нақты мекенжайын көрсетіп, кемінде бір фотосурет тіркеуі керек. Келіп түскен ақпаратты полиция қызметкерлері зерделеп, тиісті шаралар қабылдайды.
«Қоғамдық қауіпсіздік полиция мен тұрғындардың бірлескен жұмысы арқылы қамтамасыз етіледі. Құқық бұзушылық туралы ақпарат неғұрлым ерте түссе, соғұрлым жедел әрекет етіп, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік бар. QR-код – тұрғындардың полициямен байланысуына арналған қосымша әрі қолайлы құрал», – деді Тимур Ноғайбаев.
Ол Алматы тұрғындарын анықталған құқық бұзушылықтар туралы полицияға дер кезінде хабарлап, қаланың қауіпсіз әрі жайлы болуына үлес қосуға шақырды.