Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары мазмұнды әрі нақты нәтижелерге толы болды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Күншығыс елінің жоғары басшылығымен, жетекші компаниялардың топ-менеджерлерімен мазмұнды келіссөздер жүргізіп, Жапонияда білім алып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен кездесті.
Инвестиция тарту бағыты
Президент жапондық ірі компаниялар мен ұйымдардың басшыларымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Олардың қатарында Mitsui трансұлттық сауда компаниясы, Rakuten Group халықаралық технологиялық конгломераты, Sumitomo сауда-инвестициялық корпорациясы, машина жасау саласындағы әлемдік алпауыт Komatsu, құрылыс және тау-кен техникасын өндірудегі жетекші Hitachi Construction Machinery, сондай-ақ Жапонияның металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі бар.
Келіссөздер барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың кең ауқымды перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, ядролық медицинаны дамыту, аса маңызды минералдарды барлау, логистика мен цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу, құрылыс және тау-кен жабдықтарын өндіру, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету салаларына ерекше назар аударылды.
Жоғары деңгейдегі кездесулер
Император Нарухито мен Жапония Премьер-министрінің Мемлекет басшысын бір күнде қабылдауы Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін айғақтады. Жапон дипломатиясында мұндай протоколдық қадам сирек кездесетін жағдай саналады және мейманға көрсетілген айрықша құрметтің белгісі ретінде бағаланады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторымен кездесіп, қала басқару ісінде Smart city технологияларын дамыту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Кездесу нәтижесінде Қазақстан мен Жапония астаналары арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
БҰҰ университетіндегі дәріс
Мемлекет басшысы Токиодағы БҰҰ университетінде дәріс оқыды. Бұл да Президентке көрсетілген ерекше ықыластың көрінісі болды. Дәріс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуал, халықаралық аренадағы орта державалардың рөлі, жасанды интеллект маңызының артуы және Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі туралы ой қозғады.
Сондай-ақ Президент су ресурстарын басқару мәселесіне арнайы тоқталып, бұл бағыттағы түйткілдерді шешу үшін UN Water халықаралық ұйымын құру және Алматы қаласында БҰҰ университетінің өңірлік филиалын ашу жөнінде бастама көтерді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы БҰҰ университетінде Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучимен бейресми кездесу өткізді.
Отандастармен жүздесу
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен арнайы кездесіп, олардың жағдайымен танысып, емен-жарқын әңгімелесті.
«Орталық Азия + Жапония» саммиті
Сапар соңында Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің басшыларымен бірге «ОА + Жапония» форматындағы алғашқы саммитке қатысты. Саммит барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.
Президент Қазақстанның Жапониямен бірлескен жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге қатысу туралы шешімін құптайтынын жеткізді.
Қазақстан «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көздерін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенін білдірді. Сонымен бірге Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын қолдайтынын атап өтті. Бұл бастама сирек кездесетін элементтер мен аса маңызды минералдар өндірісін цифрландыруға және экологиялық орнықтылықты арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдары мен сарапшыларының қатысуымен зерттеу платформасын құруды, сондай-ақ Қазақстанда Жапония университеттері мен білім беру орталықтарының өкілдіктерін ашуды ұсынды.
Президент JICA агенттігінің Орталық Азиядағы су мәселесін шешуге қосқан үлесін жоғары бағалап, су үнемдеу технологияларын енгізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, су саласын автоматтандыру және цифрландыру бағыттарында бірлескен жұмысты жалғастыруға шақырды.
Сондай-ақ атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстанның әлемдік ядролық отын нарығындағы әлеуетін Жапонияның озық технологиясымен ұштастыру бұл саладағы табысты әріптестікке жол ашатыны атап өтілді.
Ресми сапар қорытындысында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.
Президенттің шетелдік сапарлары Қазақстан экономикасына айтарлықтай серпін беріп, инвестиция тартуға, экспортты ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және әуе қатынастары мен визасыз режимдерді кеңейтуге ықпал етеді.
