20 мау, 2019 сағат 11:53

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ тапсырушы түлектерге сәттілік тіледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ тапсырушы түлектерге сәттілік тіледі. Өзінің түлектерге лебізін Мемлекет басшысы Twitter парақшасы арқылы жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Жауапты мемлекеттік органдарға оны заңға сәйкес өткізуді, ҰБТ-ға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Түлектерге сәттілік тілеймін!», - деді Президент.

Айта кетейік, Қазақстанда бүгін 13 мың түлек ҰБТ тапсырып жатыр.

«Республика бойынша бүгін барлығы 13 мың бала ҰБТ тапсырып жатыр. Бұл - бірінші лек. Жалпы 9 күн тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. ҰБТ-ны барлығы 117 242 түлек тапсырады», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов.