17 шіл, 2021 сағат 22:47

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқына көңіл айтты


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералдық Канцлері Ангела Меркельге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы «Бернд» циклонынан туындаған толассыз жаңбыр мен су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

– Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өзімнің атымнан Сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ, бүкіл Германия халқына қайғыра көңіл айтамын. Табиғи апат кезінде жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне, ал із-түссіз жоғалғандардың отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдіремін, – делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, Германияның батыс аумағына дүйсенбіден бастап «Бернд» циклоны нөсер жауын әкелді. Рейн арнасынан шығып жағада орналасқан көптеген қаланы су басты. Табиғи апат салдарынан құрбан болғандар саны 59-ға жетті. Жүздеген адам хабар-ошарсыз кетті.