21 нау, 2019 сағат 13:20

Қарағанды шахтерлері мен металлургтері елордаға «Нұр-Сұлтан» атауын беруді қолдады

Қарағанды облысының шахтерлері Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады. Оған 3053 шахтер қол қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аса құрметті Елбасы! Қарағанды облысының шахтерлері - қашанда Сіздің тірегіңіз. Біз әрқашан тек қана Сізге сеніп келдік. Сізге сенуге болатынын сан мәрте ісіңізбен дәлелдедіңіз. Сіз еңбек адамын жете түсіндіңіз, өйткені өзіңіз де еңбек адамысыз. Сіздің Gрезиденттік өкілеттілігіңізді тапсыру туралы шешіміңізді естіп, көңіліміз құлазыды», - деп жазады Қарағанды шахтерлері.

Олардың жазуынша, шахтерлер ортасында бұл жаңалыққа жүрегі ауырмаған адам жоқ.

«Бізге ұзақ уақыттан бері көрсетіп келген қолдауыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіз әрдайым ең қиын сәттерде бізбен бірге болдыңыз. Біз үнемі Сіздің қамқорлығыңызды сезінеміз. Біз әрқашан Сіздің бағытыңызды қолдаймыз. Біз еліміздің жүрегі - елорданы Нұр-Сұлтан деп аталғанын қолдаймыз. Біздің ауыр еңбегімізді үнемі жоғары бағалағаныңыз үшін Сізге тағы да алғыс айтқымыз келеді. Сізге мықты денсаулық және амандық тілейміз», - деп түйіндейді шахтерлер. 

Сондай-ақ, облыс металлургтері де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне алғыстарын айтты.

«Қарағанды облысының металлургтері Сіздің Президенттік өкілеттілігіңізді тоқтату туралы шешіміңізді үлкен мұңмен қабылдадық. Бізге бұл шешіміңіз оңай соқпады. Себебі біздің атақты металлургиялық комбинаттың барша тарихы, сондай-ақ Теміртау қаласының тарихы тікелей Сізбен байланысты. Сіз секілді металлургтерді басқа ешкім түсіне алмайды. Әлемдік деңгейдегі Көшбасшы жолыңызды біздің комбинаттан бастағаныңыз біздің есімізде. Осында Сіз домна пешінің алдында тұрып, еңбек еттіңіз. Осы жерде Сіздің жастық шағыңыз өтті», - делінген металлургтер хатында.

Осы орайда қарағандылықтар Елбасы әлемдік деңгейдегі саясат қайраткері атанған кезде де Теміртауды қолдауға уақыт пен мүмкіндік тапқанын атап өтті.

«Өткен жылы да бізге қолдау жасадыңыз. Біздің отбасымыз үшін өте маңызды мәселеге шешім қабылдадыңыз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша осы жердегі ЖЭО жаңғыртылып жатыр, бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы орайда шексіз алғысымызды айтамыз», - дейді металлургтер ұжымы.

Сонымен қатар олар Елбасының президенттік өкілеттігін тоқтату шешімі тосын жағдай болғанын айтуда.

«Біздің комбинатқа, қаламызға, елімізге, сондай-ақ барша әлем үшін жасаған еңбегіңіз үшін Сізге ризашылығымызды білдіреміз. Металлургтер әрқашан да Сізбен бірге екенін біліп жүріңіз! Біз баршамыз бір адамдай елордаға «Нұр-Сұлтан» атауын беру бастамасын қолдадық», - деп жазды Қарағанды облысының металлургтері.