18 қаз, 2019 сағат 14:05

Имидждік мақсатқа жұмсалмақ болған 1 млрд 400 млн теңге үнемделді

Қазақстанда имидждік мақсатқа жұмсалмақ болған 1 млрд 400 млн теңге үнемделді. Бұл турады ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елбасы мен Мемлекет басшысының имидждік және консалтингті бағыттағы орынсыз шығындарды қысқарту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде 21 млрд теңгелік шығындар, оның ішінде 2020 жылы 10 млрд теңге оңтайландырылды. Имидждік шығындар бойынша 1 млрд 400 млн теңгенің шығынды қысқартты. Әйтсе де, имидждік шығындардың мөлшері бұрын да көп емес еді», - деді Берік Шолпанқұлов.

Оның айтуынша, елімізде бюджеттік заңнамаға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, бюджеттік процестің кезеңдері қайта қаралмақ. Осылайша, шығындар лимитін стратегиялық жоспарларды құру сатысында жүзеге асыру ұсынылып отыр.