IBF/IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1,35 КО) қарсыласы Камил Шереметаны (21-0, 5 КО) техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Головкин-Шеремета жекпе-жегі тартысты өтті деп айтуға келмейді. 1 және 2-раундта-ақ Геннадийдің ауыр соққысынан Камил нокдаун алып қалды.
Ал үшінші раундта Головкин шабуыл қарқынын төмендетіп, қарсыласының жұдырықтасуына мүмкіндік бергендей көрінді.
Төртінші және жетінші раундтарда Польша боксшысы ауыр соққы алып, төреші есеп ашты.
Ал 8-раунд басталар алдында Камил Шереметаның бапкерлері боксшысын шаршы алаңға шығарудан бас тартты. Осылайша, Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізіп, 21-мәрте чемпиондық белбеуін қорғап қалды.
Жекпе-жектен соң жерлес спортшы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Еске салсақ, бұл жекпе-жекте IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионының титулы сарапқа салынды.
Головкин кәсіби карьерасында бұған дейін 40 кездесу өткізді, 38-інде жеңіске жетті (35 нокаутпен). Сауль Альвареспен бір жекпе-жегінде есеп тең болды. Бұдан соң дәл осы боксшыдан жеңілді.
Камил Шеремета 21 жекпе-жек өткізіп, бәрінде басым түскен. Бесеуінде қарсыласын нокаутқа түсірді.