Мемлекет басшысы Финляндия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.
– Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.
– Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісім-шарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ, шет елдерден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алусыз жүргізіледі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жиынға қатысып отырған бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде және бұл іске шет елдерден, соның ішінде фин инвесторларынан сұраныс бар екенін айтты.
– Біз Финляндия-Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді, бұл бағыт бойынша және кері қарай контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыру үшін белсенді атсалысуға шақырды.
– Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бет алды. «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фин компанияларының осы саладағы тәжірибесін ескере отырып, бұл біздің ынтымақтастығымыз үшін перспективті алаң бола алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржа жөнінде айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын атап өтті.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлері екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстанда жасалып отырған барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.