11 мам, 2022 сағат 14:36

Ер адам 8-қабаттан құлай жаздаған қызды қағып алды - видео


Әлеуметтік желіде ер адамның жоғарғы қабаттан құлай жаздаған қызды құтқарған сәтінен видео тарады. Оқиға Нұр-Сұлтан қаласында болған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 мекенжайындағы үйдің сегізінші қабатындағы балконның ернеуіне баланың ілініп қалғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жөнелтілген.

"Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз бала терезеден ауып кеткен кезде үйде ешкім болмаған. Бақытымызға орай, 1985 жылы туған азамат, жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп, құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда оның өмірін сақтап қалды", - деп хабарлады ТЖД.

Ер адам көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапатқа ұсынылатыны атап өтілді.

"Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдайлар бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыздар, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті", - деп қорытындылады құтқарушылар.