Ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақы стандарттары қайта қаралады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл сәуір айында әлеуметтік сала шығындары қосымша 4%-ға индекстелді. Сонда 40-50 мың теңге көлеміндегі зейнетақы 2 мың теңгеге ғана өссе, 300-400 мың теңгедегі зейнетақы 16 мыңға өскен. Бұл теңсіздікті қалай азайтпақ? Бұл қаражат ең төмен зейнетақы мен 1 миллионға жуық адамның табысының ең төменгі күнгөріс деңгейін көтеруге қаншалықты мүмкіндік береді? Жалпы, индекстеуден кейін азаматтар төлемдердің өсуін барынша сезіну үшін ең төменгі әлеуметтік стандарттар әдіснамасын қайта қарау министрліктің жоспарында бар ма?», - деп сұрақ қойды Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров министрге.
Өз кезегінде Тамара Дүйсенова зейнетақы және басқа әлеуметтік төлемдерді индексациялау инфляция дәлізіне қарай бюджеттік тәртіппен жасалатынын жеткізді.
«Ең төменгі зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақы жөніндегі сіздің пікіріңізмен толық келісемін. Сондықтан Үкіметтің қазіргі жоспарының ішінде біздің де он шақты жоспарымыз тұр. Ең төменгі зейнетақыдан ең төменгі жәрдемақыға дейінгі стандарттарды қайта қараймыз. Қазір біз ұлттық және халықаралық сарапшыларды шақырып, жұмысты бастадық. Біраз ұсыныстарымызды даярлап жатырмыз. Соның нәтижесінде жұмыс тобы құрылады деп отырмыз. Сол жұмыс тобына өздеріңізді де шақырамыз», - деді ол.
Министр шын мәнінде проблема бар екенін мойындайды.
«Проблема бар. Бүгінде ең төменгі, орташа және жоғары зейнетақы арасында үлкен айырмашылық пайда болды. Ал ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау арқылы осы айырмашылықты жөндейміз», - деді Дүйсенова.