15 сәу, 2026 сағат 13:06

Елімізде рейтингтік агенттік құрылмақ


Фото: okron.ru
Парламент Мәжілісінде «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы талқыланып, оның елдің қаржы нарығын дамытудағы маңызы кеңінен сөз болды. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы Қазақстанда алғаш рет кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің толыққанды құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда рейтингтер инвесторлар мен қаржы ұйымдары үшін негізгі құралдардың бірі саналады. Соңғы жылдары елдің капитал нарығы айтарлықтай өсім көрсетіп, акциялар мен облигациялар нарығының көлемі едәуір ұлғайған.

Сонымен қатар, заң жобасы ұлттық рейтингтік жүйені құруды көздейді. Бұл шағын және орта бизнес үшін қаржы тартуды жеңілдетіп, нарықтағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді. Құжатта рейтингтік агенттіктерді реттеу, бақылау, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттың ашықтығын күшейту тетіктері қарастырылған.

Өз кезегінде депутат Берік Бейсенғалиев ұлттық рейтингтік агенттік құруды «уақтылы әрі стратегиялық маңызды шешім» деп атады. Оның пікірінше, Қазақстан қазіргі таңда халықаралық агенттіктерге тәуелді, ал бұл қызмет қымбат әрі ел экономикасының ерекшеліктерін толық ескере бермейді.

"Өзіміздің агенттіктің болғаны - ұлттық ерекшеліктерді, экономика салалары мен өңірлер дамуын ескере отырып, рейтингтер қалыптастыруға мүмкіндік береді", - деді депутат.

Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында рейтингтік қызметтердің ортақ нарығы қалыптасып жатқанын еске салып, Қазақстанның бұл процесте белсенді рөл атқаруы үшін ұлттық агенттіктің болуы маңызды екенін жеткізді.

Жалпы, заң жобасын қабылдау Қазақстанның қаржы жүйесінің тәуелсіздігін нығайтып, капитал нарығын дамытуға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға және елдің өңірлік әрі халықаралық деңгейдегі позициясын күшейтуге ықпал етпек.