17 мау, 2021 сағат 11:28

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 405 мыңнан асты


16 маусымда Қазақстанда 1145 адамның анализінен коронавирус анықталды. Нұр-Сұлтанда бір күнде 343 адамның Covid-ке шалдыққаны белгілі болды. Бұл - республика бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Астанада ауру өсімі өткен аптамен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайған. Қарағанды облысында – 150, Алматыда 109 науқас анықталған. Қалған қалалар мен облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді. 

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 405 209 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

15 маусымда тағы 57 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. Қазақстан билігі коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген. 2020 жылдың 1 тамызынан бері елде 56 333 адам "пневмониямен" ауырған.

Індет басталғалы бері 4203 адам (15 маусымда 8 адам қайтыс болған) коронавирустан қайтыс болған. Тағы 3420 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды (15 маусымда 4 адам көз жұмған) деп айтылады. Одан бөлек, індет басталғалы бері шамамен 2 мың адам коронавирустың "жанама әсерінен" қайтыс болған. Қазақстанда мұндай адам өлімі көрсеткіші Covid статистикасына енгізілмейді.

Соңғы мәлімет бойынша, елде 2 млн 629 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 527 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 176 млн 967 мың адамнан коронавирус анықталған. 3 млн 830 мың адам қайтыс болған.

Қазір АҚШ пен Еуропада вирус жұқтырғандар азайғанмен Қазақстан көршісі Ресей мен Қырғызстанда індет күрт күшейген. Билік шектеу шараларын қайта күшейте бастаған. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 15 маусымда елде коронавирустың "үшінші толқыны" байқалғанын хабарлады. Бішкекте шектеулер енгізілді.

Аймақ бойынша коронавирус жұқтырғандар саны:

Нұр-Сұлтан қаласы - 343

Алматы қаласы - 109

Шымкент қаласы - 31

Ақмола облысы - 37

Ақтөбе облысы - 25

Алматы облысы - 41

Атырау облысы - 62

Шығыс Қазақстан облысы - 76

Жамбыл облысы - 15

Батыс Қазақстан облысы - 84

Қарағанды облысы - 150

Қостанай облысы - 33

Қызылорда облысы - 26

Маңғыстау облысы - 39

Павлодар облысы - 41

Солтүстік Қазақстан облысы - 21

Түркістан облысы - 12

Сондай-ақ, 17 маусымдағы мәлімет бойынша 21 132 адам коронавирус инфекциясынан (19 980 КВИ+ және 1 152 КВИ-) емделіп жатыр.

Олардың ішінде: 

6 468 пациент стационарда, 

14 664 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: 

435 адамның жағдайы ауыр, 

111 пациенттің жағдайы өте ауыр, 

73 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.