Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды. Ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталғанын растайды", - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген. Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.
Соның аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалады.