28 шіл, 2021 сағат 14:40

Дүйсен Мағлұмов: Бүгінгі балалар әдебиетін жаңа салада, жаңа жанрда дамыту керек


Балалар әдебиетінде балалар баспасөзінің көш басында тұрған «Балдырған» журналы. Балалар әдебиетіндегі барлық жанрды қамтуға тырысатын бұл журналдың бала тәрбиесіне қосар үлесі зор. Осы орайда «Ұлт» порталы журналдың бас редакторы Дүйсен Мағлұмовты балалар әдебиеті төңірегіндегі әңгімеге тартып көрді.

Дүйсен аға, биыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланғаны белгілі. Әңгімемізді балалар әдебиеті туралы ой-пікіріңізден бастасақ?

Балалар әдебиеті деген біздің қазақ әдебиетінде бар. Ол өзі дамыған сала, бір жанр деп есептеуге болады. Балалар әдебиеті өзі ішінен қаншама жанрға бөлініп кетеді. Балалар әдебиетінің 20-дан аса жанры бар, мысалы, ертегі, әңгіме, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ деген сияқты. Кезінде «Балдырған» журналы ашылған 1958 жылдан бастап, одан кейін балалар әдебиеті биік дәрежеге көтерілді, дамыды. Ол кезде балалар әдебиетіне үлкен-үлкен ағаларымыз қызмет етті. Ал дәл бүгінгі күні балалар әдебиетін көп жағдайда кібіртіктеп, тұралап қалған тұстары жоқ емес, бар. Оған енді әртүрлі жағдайлар әсер етті деп айтуға болады. Қазір «балалар әдебиеті жоқ», «балалар әдебиеті құрыды», «балалар әдебиеті дамымай қалды» деп айтылып жатқан әңгімелер көп. Бірақ оның бәрі себепсіз, балалар әдебиеті бар. Біздің Қазақстанда балалар әдебиетіне әртүрлі жанрда қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың 60-тан аса өкілі бар. Таза балалар әдебиетімен айналысып жүрген. Бұл «балалар әдебиеті жоқ», «балалар әдебиеті құрыды», «балалар әдебиеті дамымай қалды» деген сөз емес. Бірақ бүгінгі күннің балалар әдебиеті, бүгінгі заманға лайық балалар әдебиеті, балалар дүниесі жазылмай жатыр деп айтуға болады.

Кілең фантазиялық дүниелер дейміз ғой енді. Тек «мысық-тышқан, қой-ешкінің жырын жазып жатыр» деген әңгіме бар, ол рас. Ал бүгінгі балалар әдебиетін жаңа салада, жаңа жанрда дамыту, ол басқа әңгіме.

Балалар әдебиетіне жарнама жетіспейтін сияқты ма, сіз қалай ойлайсыз? 


Иә, балалар әдебиетіне жарнама жетіспейді. Қазір жазушылар өз ақшасына кітабын шығарады. 500-600 дана шығарып, өз туыстары мен таныстарына таратып береді де, қарап отырады. Балаларға арналған кез келген кітап 15-20 мың данамен шығу керек. Республиканың түкпір-түкпіріне жету үшін, оны балалар көру үшін, оқу үшін... соның өзі жетпей қалады. Неге десеңіз, біздің Қазақстанда 8-9 мың мектеп бар, онда оқып жатқан 3-4 млн балаларымыз бар ғой. Ал 500 дана кітап Алматыда, немесе астанадан шықса астанада қалады. Қызылордадан шықса, Қызылорданың өзінде қалады. Айтып отырмын ғой, жазушы өз ақшасына шығарады, көп жағдайда достарына таратып береді, бітті. Сол шыққан әдебиеттің өзі бізде насихатталмай жатыр.

Ал балалар әдебиетінің жүгін арқалап отырған «Ақ желкен», «Балдырған», «Ұлан» сияқты балалар басылымдарының өзі насихатталмай жатыр. Олардың тиражы туралы айтудың өзі ұят. Бір ғана «Балдырғанның» өзін айтайын, мен 1985-1986 жылдары жұмысқа келген кезде «Балдырғанның» тиражы 380 мыңнан аса болатын, ал «Ұлан», «Ақ желкеннің» тиражы қанша еді... Ол кезде қазақ мектептерінің саны бүгінгі қазақ мектептерінің санымен қазіргі біздің тиражды салыстырып көрсеңіз, жер мен көктей. Үлкен парадокс дүние. Балалар әдебиетіне, балалар баспасөзіне үлкен қамқорлық керек. 


Өткен жылы «Балдырған» журналының бір жылдық нөмірін жинап кітап бастыру туралы ой-ұсынысыңызды айтып едіңіз.  Осы мәселе қалай болып жатыр?

Былтыр онлайн конференцияда осы мәселені көтергенім рас. Бұл туралы «Мәдениет министріне» де, «Ақпарат министріне» де сауал жолдағанмын. Балалар әдебиетін жылында... «Балдырғанда» бізде жыл сайын 60-70 баспа табақ шығып жатыр, соны іріктеп 20 баспа табағын ертегілер, тақпақтарды шығарып тұрайық деген ұсынысым болған. Әлі нақты шешім айтылмады. «Балдырғанның» 50 жылдығында поэзиядан бір том, прозадан бір том деген сияқты екі том кітап шығарғанбыз. Ол да аз шыққандықтан, қазір іздесең таппайсың.


Балалар әдебиеті дамуы үшін ең алдымен не істеуіміз керек?


Балалар әдебиетін дамыту керек. Балалар әдебиетіне жастарды тартуымыз керек. Ойлау қабілеті ерекше, шетелдің әдебиетін жақсы білетін, ағылшын тілін жетік білетін жастар бар ғой қазір. Міне, сондай дарындарды балалар әдебиетіне тартуымыз керек. Бірақ бұл салаға ешкім көп келе бермейді. Балалар әдебиетінің өкілін ешкім дайындамайды. Неге десең, жазған дүниесі шықпай жатса, шыққан дүниесіне бір тиын қаламақы алмай жатса, оған кім қызығады? Ешкім қызықпайды. Кез келген батыс елдерінде, басқа елдерде ең бай баспаханалар осы балалар әдебиетімен айналысатын баспаханалар. Ал бізде керісінше.


Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ