Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Вице-министрлерге ресейлік Sputnik V вакцинасы егілді. Егуден бұрын олар тексеруден өтті және вакцинаға қарсы көрсетілім жоқ екені анықталды. Алдымен вакцинаны Ерлан Қиясов, одан кейін Ажар Ғиният алды.
Сонымен бірге дәрігерлер вакциналаудан кейін қандай сақтық шараларын ұстану керегін түсіндірді және егуден кейін вице-министрлер емханада жарты сағат дәрігерлер бақылауында болды.
«Мен үнемі вакцина аламын. Бұл – ең тиімді қорғаныс құралы, сондықтан вакцинаға қол жеткізген алғашқы елдердің бірі болғанымызға қуануымыз керек. Жеке өзім вакцина арқылы медицина мамандарын, тұтас халықты қорғай алатынымызға қуандым. Ресейлік, қазақстандық вакциналарға келсек, барлық вакцинаның қорытындысы бір – ағзада коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет/антиденелер пайда болады. Вакцина саларда да еш уайымдаған жоқпын. Өйткені мен дәрігермін және вакциналық препараттардың артықшылықтары мен кері әсерлерінен хабардармын», - деді Ажар Ғиният тілшілерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
Одан кейін 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады.
Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне қазақстандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде. 31 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді.