Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылға арналған діни күндер кестесін бекітті. Күнтізбеге сәйкес, келесі жылы Рамазан айы 8 ақпанда басталады, деп хабарлайды ult.kz.
Қасиетті Қадір түні 5 наурыздан 6 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ал ораза аяқталғаннан кейінгі Ораза айт мерекесі 9 наурызға белгіленген.
Құрбан айттың алғашқы күні 16 мамырда басталып, мереке 18 мамырға дейін жалғасады. Оның алдындағы Арапа күні 15 мамырға сәйкес келеді.

Күнтізбеде өзге де маңызды діни күндер көрсетілген. Мәселен, Миғраж түні 4 қаңтардан 5 қаңтарға, Бараат түні 22 қаңтардан 23 қаңтарға қараған түнге белгіленген. Мұсылман күнтізбесі бойынша 1449 һижри жыл 6 маусымда басталады. Ашура күні — 15 маусым, ал Мәуліт түні 14 тамыздан 15 тамызға қараған түнге сәйкес келеді.
Мүфтият хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде есептелгенін ескертті. Жаңа айдың көрінуіне қарай діни күндер көрсетілген мерзімнен бір күн ерте немесе кеш болуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша Айт намазының кестесі жарияланды.
Ораза деген не?
Ораза — таң атқаннан күн батқанға дейін Алла разылығы үшін ішіп-жеуден және ерлі-зайыптылардың жақындасуынан тыйылу құлшылығы. Исламдағы бес парыздың бірі саналады.
Рамазан айында ораза ұстау балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды мұсылманға парыз. Оразаның мәні аш жүрумен шектелмейді: ол адамды сабырлы болуға, нәпсісін тежеуге, жаман сөз бен әрекеттен аулақ жүруге және мұқтаж жандарға көмектесуге тәрбиелейді.
Таң алдында ішілетін ас сәресі, ал күн батқан соң оразаны ашу ауызашар деп аталады.
Оразаны не бұзады? Ауыз бекіткен адам білуі керек ережелер
Ораза кезінде таң атқаннан күн батқанға дейін әдейі тамақ жеу, су ішу және жыныстық қатынасқа түсу оразаны бұзады. Темекі шегу де осы қатарға жатады. Сондықтан ауыз бекіткен адам сәресі мен ауызашар уақытын мұқият қадағалауы керек.
Ұмытып ішіп-жесе не болады?
Адам ораза екенін ұмытып, тамақ жеп немесе су ішіп қойса, оразасы бұзылмайды. Алайда есіне түскен бойда ішіп-жеуді дереу тоқтатуы қажет. “Оразам бәрібір бұзылды” деп тамақтануды жалғастыруға болмайды.
Құсуға қатысты үкім қандай?
Еріксіз құсу оразаны бұзбайды. Ал адамның өзін әдейі құстыруы, соның ішінде ауыз толтырып құсуы оразаны бұзады. Мұндай жағдайда сол күннің қазасы өтеледі. Демек, еріксіз болған жағдай мен адамның өз қалауымен жасаған әрекетінің үкімі бөлек.
Тіс тазалауға, душқа түсуге бола ма?
Тіс тазалаудың өзі оразаны бұзбайды. Бірақ тіс пастасын немесе суды жұтып қоймау керек. ҚМДБ тісті таң намазының уақыты кіргенге дейін тазалаған абзал екенін түсіндіреді.
Душқа түсу, ауыз бен мұрынды шаю да оразаны бұзбайды. Дегенмен су тамақтан өтіп кетпеуін қадағалау қажет. Ораза екенін біле тұра, ауыз шайғанда абайсызда су жұтып қою мен оразасын мүлде ұмытып су ішудің үкімі бірдей емес. Бірінші жағдайда қаза өтеу қажет болады.
Әйел адамның етеккірі немесе босанғаннан кейінгі қаны келсе, сол күнгі оразасы бұзылады. Өткізіп алған күндерінің қазасын кейін өтейді.
Ораза бұзылған жағдайда қаза өтеу немесе кәффарат қажеттігі оның қандай себеппен бұзылғанына байланысты анықталады. Сондықтан нақты жағдайдың үкімін ҚМДБ пәтуа маманынан сұраған дұрыс.