«Демократия институты» жүргізген Еxit poll қорытындысы бойынша ҚР Парламенті мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда «Nur Otan» партиясы сайлаушылардың % дауысын иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Демократия инстутының» интервьюерлері 500 сайлау учаскесінде Еxit poll жүргізген. 20 мың адамнан сауалнама алынған. Сауалнама қателігі 2,5 пайыз шамасында.
«Демократия институты» жүргізген Еxit poll қорытындысы мынадай:
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 4,93 пайыз;
«Nur Otan» партиясы – 72,0 пайыз;
«ADAL» саяси партиясы – 3,25 пайыз;
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,2 пайыз;
«Қазақстанның Халық партиясы» - 9,54 пайыз.
Айта кетейік, бұған дейін «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген Еxit poll қорытындысын жарияланған болатын.
Оған сәйкес респонденттердің:
5,75 пайызы - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына,
71,97 пайызы - «Nur Otan» партиясына,
3,07 пайызы - «ADAL» саяси партиясына,
10,18 пайызы - Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына,
9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс берген.
Сауалнама қателігі - 2 пайыз шамасында.
Парламент Мәжілісіне келу үшін партиялар жеті пайыз кедергіні еңсеруі қажет. Палата кемінде екі партияның қатысуымен құрылады. Егер сайлаушылар дауысының жеті пайызын тек бір саяси партия алатын болса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге осы саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының ең көп санын алған партияның партиялық тізімі жіберіледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес кандидатты қолдап дауыс беруге қатысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижесін, болжамдары мен өзге де зерттеулер дауыс беру күнінде жариялауға рұқсат етілмейді. Яғни, нәтижелері дауыс беру аяқталғаннан кейін ғана жариялануы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, Конституциялық мерзімге сай өткен Мәжіліс сайлауында елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да андидаттарын ұсынған.
Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар.
Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан - 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелген.