Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады.
Елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтыны туралы мәлім еткен болатын. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы келесі күні қол қойды.
«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде.
Президент бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керектігін айтты.
Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы қосымша шараларды да атап өтті: нақтырақ айтқанда, елде алғашқы медициналық-санитарлық көмек күшейтіліп, ауруханаларда төсек орындарының саны арттырылады. Қолданыстағы зертханалар тестілеуге қол жетімділікті арттыру үшін қайта жабдықталып, ПТР-тестілеу үшін 8 мобильді орталық құрылады. Ондай орталықтар ауыл-аймақтарда да ашылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы оқиғасы осы жылдың 13 наурызында тіркелген еді. COVID-19 Германиядан келген екі азаматтан анықталды. 26 наурызда Қазақстанда коронавирустан болған бірінші өлім туралы хабарлама келді - 64 жастағы әйел қайтыс болды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалинаның айтуынша бұған дейін 4 сәуірде Қытайда, 22 мамырдан бастап 3 күнге – АҚШ-та, 27 мамырдан бастап 10 күнге – Испанияда аза тұту күні жарияланған. Өйткені осы мемлекеттерде аталған аурудан едәуір адам шығыны болған еді.
Сонымен бірге саясаттанушы Қазақстанда 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін араға жарты жыл уақыт салып, короновирус індетінен адамдардың қаза болуына байланысты қаралы күн жарияланғанын айтады. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланып отыр.
12 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясын 58 253 адам жұқтырған. 33814 адам жазылып шығып, 264 адам көз жұмған.