"Жоқшылық та, ауыр сынақ та ажырата алмады": Танымал жұптардың тағдыры

"Жоқшылық та, ауыр сынақ та ажырата алмады": Танымал жұптардың тағдыры
Фото-коллаж: ult.kz

Бүгінде сахна төрінде жарқырап жүрген танымал өнер иелерінің өмірі әрдайым сән-салтанатқа толы болмаған. Бірі отбасын асырау үшін қара жұмыс істесе, енді бірі сүйген адамына қосылу жолында түрлі кедергілерге тап болған. Тіпті ауыр сырқат пен тұрмыстық қиындықты бірге өткергендер де бар, деп хабарлайды ult.kz.

1. Жанболат пен Жазира

Қазақ эстрадасындағы танымал жұптардың бірі Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекованың бүгінгі жетістігінің артында талай жылғы еңбек жатыр. Ерлі-зайыптылар бір кездері күнкөріс қамымен базарда сауда жасап, қара жұмыс істегендерін жасырмайды.

Жазираның айтуынша, олар өнер жолын бірден үлкен сахнадан бастамаған. Жанболат күндіз жүк тасып, кешке жұбайымен бірге мейрамханада ән шырқаған. Оған дейін жеміс-жидек сатып, табыс тапқан. Ал Алматыға келген алғашқы жылдары мектеп маңында шемішке сатып күн көрген кездері де болыпты. Бұл туралы жұп Нұрлан Албанға берген сұхбатында бөліскен.

Жанболат бір сұхбатында “Сайран” автовокзалында жүк тиеуші болып жұмыс істегенін, ал кешке кафеде ән айтқанын еске алған. Кейін жинаған ақшасына пәтер алып, ән жаздырып, сахнаға қажетті аппаратура сатып алған.

Жұптың есінде қалған тағы бір ауыр оқиға бар. Бірде жолақыға ақшалары жетпей, аяғы ауыр Жазира автобустан түсірілген. Сол кезде Жанболат жұбайын жұбатып, бәрі жақсы болатынына сендірген.

Бүгінде олар сол кезеңдерді отбасылық өмірдің маңызды сабақтарының бірі ретінде еске алады.

2. Сәкен Майғазиев пен Динара

“МузАРТ” тобының әншісі Сәкен Майғазиев пен жұбайы Динараның отбасылық өмірі де бірден жайлы тұрмыстан басталмаған. Олар студент кездерінде танысып, Сәкен әлі танымал әнші болмай тұрған уақытта шаңырақ көтерген.

Әнші сұхбаттарының бірінде жұбайымен бірге жоқшылық көрген жылдарын ашық айтқан. Жас отбасы пәтерден пәтерге көшіп, жатақханада тұрған. Тіпті күнделікті азық-түлік алудың өзі қуанышқа айналған кезеңдер болыпты. Сәкеннің айтуынша, олар қыстың суығында дүкенде нан сатып, күнкөріс қамын жасаған. Алайда сол қиындықтарға қарамастан, Динара күйеуінің жанынан табылған.

Өнер иесі жұбайының өзіне танымалдыққа жетпей тұрған кезінде ғашық болғанын ерекше бағалайтынын айтқан. Оның сөзінше, бүгінгі Сәкен Майғазиевті көпшілік әнші ретінде таныса, Динара оны ешқандай атағы мен дәулеті жоқ кезінен біледі.

Жұптың өміріндегі тағы бір үлкен сынақ – ұзақ уақыт сәби күтуі. Сәкен мен Динара 15 жыл бойы тағы бір перзент сүюді армандаған кезеңдерін де көпшілікпен бөліскен.

Сондықтан әнші отбасылық өмірінде жарының сабыры мен қолдауын ерекше бағалайтынын жасырмайды.

3. Мейрамбек Беспаев пен Мархабат

Қазақ эстрадасының танымал әншісі Мейрамбек Беспаев пен жұбайы Мархабаттың өмірінде де ауыр сынақ болған.

Бір кезеңде Мейрамбек Беспаевтың денсаулығы сыр беріп, өнер иесі ауыр жағдайды бастан өткерген. Оның қатты жүдеп кеткен кезі көпшіліктің де алаңдаушылығын туғызған. Әнші “Хабар” телеарнасындағы “Елге сәлем” бағдарламасында сол қиын кезеңін еске алған. Ал жұбайы Мархабат күйеуінің қайтадан сахнаға оралатынына сенгенін жеткізген.

Бұл оқиға әншінің отбасылық өміріндегі қолдаудың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Өнер адамы үшін сахнадан алыстау оңай болмаса, оның қайта оралуына сенетін жақындарының болуы да ерекше мәнге ие.

Мейрамбек пен Мархабат 2002 жылы Алматыдағы Республика сарайында танысқан. Ал 2004 жылғы 8 шілдеде шаңырақ көтерген. Жұп кейін отбасылық өмірі мен таныстық тарихы туралы бірнеше рет сұхбат берген.

4. Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина

Қазақ өнеріндегі танымал жұптардың бірі Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина да отбасылық өмір мен шығармашылықты қатар алып келе жатқан өнер иелері. Қыдырәлі Болманов әншілікпен қатар продюсерлік қызмет атқарып, жұбайының эстрададағы шығармашылық жолына да үлес қосқан. Оның айтуынша, Қарақат алғашында дәстүрлі ән орындаушысы ретінде танылған. Кейін ол жарының шығармашылығына продюсерлік жасап, эстрадалық бағыттағы жобаларды қолға алған.

Алайда өнерлі отбасының өмірінде де қиын кезеңдер болған. Ерлі-зайыптылар ұзақ жылдар бойы перзент күтіп, денсаулыққа байланысты түрлі қиындықтарды бастан өткерген.

Қыдырәлі Болманов сұхбаттарының бірінде тұңғыш ұлдары Бекболат дүниеге келгеннен кейін сегіз жылдай тағы сәби сүйе алмағандарын айтқан. Осы уақыт аралығында Қарақат бірнеше рет түсік тастап, ерлі-зайыптылар дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

“Сегіз жылдай бөпе көрмедік”, – деп еске алған Қыдырәлі Болманов.

Алайда жұп үміттерін үзбей, бұл қиын кезеңді бірге өткерген. Кейін олардың отбасында тағы балалар дүниеге келді.

Өнерлі отбасы үшін мұнымен сынақ аяқталмаған. 2025 жылы Қарақат Әбілдина “Әйгерім Сейфолланың сырласуы” бағдарламасында жұбайының денсаулығына қатысты алаңдатарлық жағдайды алғаш рет ашық айтқан.

Әншінің сөзінше, Қыдырәлі Болманов бірнеше жыл бойы денсаулығына байланысты ем қабылдаған. Тіпті ерлі-зайыптылар Германияға барып, медициналық көмекке жүгінген. Алайда олардың шетелге сапарын кейбір адамдар демалыспен байланыстырған.

2026 жылдың мамыр айында да отбасы тағы бір қиын жағдайға тап болды. Қыдырәлі Болманов кенеттен өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түскен. Жұбайының денсаулығына алаңдаған Қарақат Әбілдина Астанада жоспарланған концертінің уақытын өзгертуге мәжбүр болды. Әнші сол кезеңде әлеуметтік желіде жұбайына деген алаңдаушылығын білдіріп, қиындықтардың артта қалуын тілеген.

Осылайша, Қыдырәлі мен Қарақат ұзақ жылдар бойғы сәби күту мен денсаулыққа байланысты сынақтарды бірге бастан өткерген. Бүгінде олар отбасылық өмір мен шығармашылықты қатар алып келе жатқан танымал өнерлі жұптардың бірі.

5. Роза Әлқожа мен Айдын

Танымал әнші Роза Әлқожа мен жұбайы Айдын отбасылық өмірі де тұрмыстық қиындықтардан басталған. Жас отбасы баспанасыздықты бастан өткеріп, бірнеше жыл бойы өз үйлеріне қол жеткізу үшін еңбек еткен.

Роза Әлқожа 2026 жылы “Кездесу” бағдарламасына берген сұхбатында тұрмысқа шыққаннан кейінгі ауыр кезеңді еске алған. Оның айтуынша, екі баласымен бірге Алматыдағы Чайковский көшесінде орналасқан уақытша пәтерде тұрған. Баспананың ішінде су да, жуынатын орын да болмаған. Әнші сол кезде журналист болып жұмыс істеп, бала тәрбиесі мен үй шаруасын қатар алып жүрген. Күнделікті тіршіліктің қиындығынан кейде макарон қуырып жеп, демалуға ғана шамалары жеткенін жасырмаған.

Алайда ерлі-зайыптылар өз баспанасын алудан үміт үзбеген. Екеуі жұмыс істеп, жер сатып алуға ақша жинаған. Кейін сол жерге үй тұрғызуды бастаған. Розаның айтуынша, үйдің құрылысын аяқтауға 10 жыл уақыт кеткен.

Бүгінде Роза Әлқожа әнші, ақын әрі сазгер ретінде көпшілікке танымал. Ал бір кездері суы жоқ пәтерде тұрып, жылдар бойы үй салған кезеңі оның отбасылық өміріндегі ұмытылмас естеліктердің бірі болып қалған.

Бүгінде ел сүйіп тыңдайтын өнер жұлдыздарының жарқын өмірінің артында талай қиындық пен сынақ жатыр. Бірі күнкөріс үшін жүк тасып, нан сатса, енді бірі жылдар бойы баспана мен перзент күткен. Ал кейбірі ауыр сырқат пен өмірдің күтпеген сынақтарын бірге еңсерген. Бұл жұптардың тағдырын байланыстыратын ортақ нәрсе – қиын сәтте бір-біріне деген сенімін жоғалтпай, қолдау көрсете білуі. Олардың өмір жолы махаббаттың тек әдемі сөздер мен қымбат сыйлықтардан тұрмайтынын, шынайы сезімнің қадірі қиындықта білінетінін көрсетеді.

Бүгінде сахнада қатар жарқырап жүрген бұл жандардың ең үлкен жетістігі – атақ пен байлық қана емес, жылдар бойы бірге құрған отбасы мен бір-біріне деген сыйластығы.