16 сәу, 2018 сағат 07:45

Бурабай. Аңыз бен ақиқат

…«Аспанға көтерілген ақ тас тура,

Секілді аңыздағы ақбас бура.

Көбігін қайтадан ол көлге беріп,

Қайыңға көлеңдетіп жаппас шуда.

Жиналған табиғаттың асылы бар,

Етегі – аппақ қайың, басы – шынар.

Көкшенің күмбезіндей көтеріліп,

Ойнайды жалт-жұлт етіп жасыл мұнар»

(Сырбай Мәуленов)

Ерте, ерте, ертеде қазіргі Бурабай көлінің жағасын ақбас бура мекендеген деседі. Ойсыл қараның ұрпағы киелі жануар жаугершілік заманда көл маңына тұрақтаған ежелгі қазақ жұртының қорғаушысы һәм хабаршысы болыпты. Қилы кезеңде дұшпанның таянғанын алыстан сезетін ақбас бура буырқанған бақсыдай аузынан ақ көбік шашып, еңіреп-боздап, тау-тасты кезіп, халыққа жаудың жақындағандығы туралы белгі береді екен. Содан елдің етек-жеңін жинаған ерлері бес қаруын қамданып, жауға қарсы аттанса, қариялары мен бала-шағасы осы өңірдің тау-тасына тығылып-паналап, аман қалып отырған.

Ақбас бура бейбіт күнде жайбарақат күйге түсіп, мамыражай жайылып жүре берген. Әккі жаудың айласы таусылған мергендері аңдып жүріп, ақыры, ақбас бураны атып өлтіреді. Қасиетті Ойсыл қара тізерлеп шөккен бойы құлаған жерінде қара тасқа айналып қатып қалған деседі.

Табиғаттың осы бір таңғажайып сұлу бұрышын аталарымыз ежелден-ақ Бурабай деп атапты. Бура түйенің атауы. Халық Көкшетау өңірінде өмір сүрген түйелер туралы жоғарыдағы аңызды сақтап қалған. Осы аңызға сәйкес Көкшетау тауларының бірінде екі өркешті түйенің бейнесі сақталған. Жергілікті жердің биік шыңы – Көкшетау. Панорамалық көріністің бірі – оңтүстікке қарай орналасқан Бурабай тауы (690 м). Одан оңтүстікке қарай Шучье қыраты орналасқан, оның ең биік нүктесі «Жеке батыр» (826 м) деп аталады.

Осы таудың баурайындағы Бурабай көлінің жағасында Бурабай кенті орналасқан. Кент Көкшетау облысының Шортанды ауданына қарайды. Халқының саны 30 000-нан аса адам.

Кент пен көлдің айналасы қалың орман және биіктігі әртүрлі деңгейдегі таулармен қоршалған. Менің назарымды аударған дүние кенттің Бура және бай деген екі біріккен сөзден тұратын атауы және оның орта жерінде орналасқан қатар жатқан үш тас үйіндісі болды.

Үш үйіндінің жалпы ұзындығы 150 метр шамасында. Үзілген екі жерінде тастың табаны анық байқалады. Үшінші үйік күншығыс бағытқа қарай 45 ͦбұрылған. Тура бураның күншығысқа қарап тұрған бейнесін береді.

Мені таңдандырған нәрсе шеткі тас үйіндінің шөгіп жатқан алып бураның артқы бөлігінен аумай тұрғаны болды. Бұл тас үйіндінің ұзындығы 40-50 метр шамасында, биіктігі 5-6 қабат үйдің биіктігімен шамалас. Ені 30-40 метрдей. Зер салып қараған адамға үйіндінің табаны өңделген таспен қаланып, ортасы қотыр таспен толтырылып, сырты түп-түзу өңделген тас плиталармен адам қолымен жымдастырыла қапталғаны анық байқалады (Маңғыстаудағы ежелгі кесенелердің барлығы дерлік осылай, ортасы қотыртаспен толтырылып сырты мен іші өңделген тастармен қапталған). Бұл үйіндінің алдыңғы бетінен айқын көрінеді.

Орта да 20 метрдей жері үзілген, бірақ жерде үсті алынған тас табаны анық байқалады. Екінші үйіктің ұзындығы 30 метрдей, биіктігі де алдыңғы үйіндіге қарайлас. Тас үйінді шөгіп жатқан бураның алдыңғы жағына сәйкес келеді. Шөгіп жатқан бураның оң жақ аяғының тұсында үлкен қаланды тас блоктың бетінде ежелгі қазақтардың кәдімгі тәңірлік кірес таңбасы айқын көрінеді.

Осы бура мүсінінен 200 метрдей жердегі Бурабай көлінің жағасында тағы бір тас үйінді бар. Диаметрі 50 метрдей, оның да биіктігі 5-6 қабат үймен шамалас. Сырты дөңгелек, бұл үйіндінің де сырты өңделген тас блоктармен жымдастырыла қаланған.

Көлдің келесі бетінде Оқжетпес тау шыңы тұр. Бұлтаудың да формасыдөңгелек. Табаныүлкен, биіктеген сайын жіңішкере береді. Үлкен тас плиталардан бірі мен бірі жымдастырыла байланыстырып қаланған. Зер салып қараған кісіге таудың бір беті мен үстіңгі жағы құлағаны байқалады.

Оқжетпес демекші, Оқжетпестің қасындағы Абылай хан алаңы өте жұпыны. Ұлттық тарихи нақыш жоқтың қасы. Мысалы, алаң шетінде Абылайдың 12 қанат Ақ Ордасын орнатып, айналасына этно ауыл орналастырса әдемі үйлесіп кеткен болар еді.

Осындай үйіктердің «Қарауыл төбе» деп аталатын кішірейтілген нұсқасы Маңғыстаудың қараойы мен Үстіртінде көптеп кездеседі.

Х1Х ғасырдың орта кезінде Маңғыстау жайлы «Бозашы түбегінің топографиялық сипаттамасы», «Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» атты еңбектер жазған А.Алексеев Үстірт үстінде кездесетін қарауыл үйіктер туралы былай деп жазыпты: «...суреттелген аңғардың оң жағындағы биік басына таяу жерде үлкен-үлкен тастардан төрт бұрышты қисық пирамида пішіндес етіп қаланған бағзы ескерткіш тұр. Оның биіктігі 20, ал әр қырының биіктігі – 30 фунт.

Дәл осындай үйік деп аталатын пирамиданың қалдығы солтүстікке қарай бұдан 20 шақырым жерде, ал тағы бірі – Шағырлы, Шөлқұм құмына таяу Тоқсанбай тауында. Бірақ олар жартысына дейін қираған...»

«Бейнеудің құбыла бетінде, 120 шақырым жерде «Қонайдың үйігі» атты үйік бар. Бұл – Манқыстау қазақтарының тарихынан елеулі орын алатын тұлғалардың бірі Қонай батыр Кенжеұлының қарауыл қарап, ұран отын жағатын биігі. Жағылған отты Бозашыдағы, Отпандағы қарауылдар көріп, олар да от жағатын болған. Сөйтіп, ел тез арада жасаққа жиналып, жауға аттанады екен.

Мына үйік таулардың да осындай мақсатта салынбағанына кім кепіл. Ал, Тәңірлік крес таңбалар Маңғыстаудағы ежелгі қорымдар да күні бүгінде де самсап тұрған жоқ па?

Адайлардың соңғы ғасырлардағы ең танымал таңбалары тіл, садақ, жебе және жебенің ұшы. Маңғыстаудың ежелгі қорымдарындағы ең көп кездесетін таңбалар қатарына + крес, П босаға және қазақтың қайқы қылышы жатады. Бұларда Адайлардың ежелгі таңбалары болып табылады.

«Адайлардың оннан аса таңбасы бар. Солардың ішінде бейіт басындағы құлпытастарда ең көп кездесетіндері мына үш жебе таңба: Бұлар тек қана Адай таңба емес, Оғыз таңба деп те аталады. Алдыңғы екеуінің ұш жағы әржаққа қаратылып қойыла береді» (Т.С.Досанов «Руника құпиясы» Алматы-2009. 72 бет).

«Қазақ руларының кейбірінде қосынды (крест) + түріндегі рулық таңбалардың кездесулері де қазақ руларының шығу тегін тәңіріге табыну дәуірінен іздестіруге итермелейді. Мұндай таңбалар қазақтың төртқара, телеу, сіргелі, керей, адай тәрізді руларында кездесетіні белгілі. Алтай түркілерінің ежелгі тарихына белсенді қалам тартып жүрген Мұрат Әджи қосынды (крест) белгісінің тәңіріге табыну кезеңінен бастау алатынын, яғни б.з.д. 1Ү-111 ғасырлардан б.з. Ү11 ғасырына дейін алтайлық түркілер арасында таралғанын, оны Европаға ғұндар апарғанын тәптіштеп баяндайды. Мұндай белгілер көк түріктердің руна жазуларында да бар (Т.Омарбеков. Х.Ғабжалилов «Ежелгі түркі, қазақ руларының таңбалары туралы» «Алаш жорналы» №1 (1), 2005. 33 бет).

Бұл жерде Біздің қаперге ұстайтын дүниеміз, ежелгі жазбалардың бәрін де: «Әбес пе (Авеста)», Мұса пайғамбардың «Торы атында (Таурат)», Ғайса пайғамбардың Інжілінде (Библия, Қазақтың Билер білімі деген сөзінен алынған) т.т. адам баласының ең алғаш Жаратушының бар екенін таныған жері Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы түйелі ауыл деп жазылған. Таурат ол жерді дәлдеп тұрып Ұлы Синай тауы деп атайды. Синай - сөз түбірі Син (Сын). Қазақта осы түбірден Сын, Сынды, Сынай, Сынтас, Сыңғырлау, Шың, Шыңырау, Шыңдау, Шын, Шындық деген ұғымдар туындайды. Бәрінде де сөз түбірі Сын, Шын, Шың. Бұлардың бәрі синоним сөздер. Қазақтың ежелгі «Сына» жазбасы солардан қалды. Олардың ең алғашқы ғұмыр кешкен жерлері Маңғыстаудың қыры, яғни Үстірті (Үстіңгі жұрты). Ол жерде қазір Маңғыстаудың қара ойынан Үстіртке көтерілер жерде Сынды асуы, Сынды тауы және осы аттас құдық бар. Осы қырдың бір биік жері күні бүгінде де «Шың» деп аталады. Барлық тарихы шежірелердің бәрінде адам баласы Қас би (Каспий) теңізінің солтүстік-шығысындағы түйелі ауылда Ұлы Жаратушы – Алладан айқын аян алды делінген. Міне Алшын атауының шығу тегі.

Атам Қазақ «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп бекер айтпаған. Әлемдегі адам қолымен жасалған барлық дүниелердің де, барлық ұғымдардың да бастауы бар деген осы болса керек.

Содан сол жердің халқы сол заманда тастан алып ақбас бураның шөгіп жатқан мүсінін сомдапты. Алдыңғы оң жақ аяғының үстіне өздерінің Тәңірлік «кірес» таңбасын салыпты. Сол жердегі елді мекенді де, тауды да, көлді де Бурабай деп атап кетіпті.

Өкініштісі, тілсіз жаудың келгенін хабарлайтын «Ақбас буралар» ежелгі даналығынан да, сақтығынан да айрылған. Жергілікті халықтың тілі ала шұбарланып, Ата салты мен Ата шежіреден ажырауға айналған. «Қарқараға жаны жеткенше» шыдайтын халықтың ақиқат үшін күресі бір сәтке дамылдап қалғандай. Алайда, сол заманның тірі куәсіндей, Бурабай атауы, Бураның алып мүсінінің қирандысы мен тек қана сол елдің рулық таңбасы сақталған.  Содан бері арадан қаншама дәуір өтті. Сол ақбас бураның атын халқымыз, әсіресе қазақтың қарашаңырағы Алшындар әлі ұмытпай сақтап келеді.

Қазақ даласында Бура мен Бурабайға қатысты Ақмола облысында Бурабай ауданы, Маңғыстаудың қырында (Үстіртте) Бурабай атты жер (алқап және құдық) бар.

Бурабай – бура және бай деген екі біріккен сөзден тұрады. Атам Қазақтың сөз жасау қағидасы бойынша Бура - Байдың, яғни Бай ұлдарының баласы деп оқылады, яғни «И, Й» дыбыс-таңбалары сөздің қай жерінде қолданылса да баласы, ұрпағы деген мағына береді. Бұл таңба бастауын Адаға (Атаға) жалғанған «Й» таңбасынан алады. Шежірешілердің Адайды - Адам Атаның қарашаңырағының иесі дейтіндері осыдан.

Ойсыл қара – түйенің пірі (ұстазы), яғни, даланың жабайы тау тайлағын ең алғашқы қолға үйреткен қазақтар деген сөз.

Ойсылқара – айыр түйенің ең алғашқы бурасы (авторлық құқық сақталып тұр).

Кіші Жүз – Бекарыс - Алшындардың атамекені Батыс Қазақстан жеріндегі Ақтөбе облысы аймағында Ойсылқара Атамыздың қорымы күні бүгінде де бар.

«ОЙСЫЛҚАРА ҚОРЫМЫ, ХVІІІ-ХХ Ғ.Ғ.

Ескерткіштің атауы және мерзімі: Ойсылқара қорымы, ХVІІІ-ХХ ғ.ғ.

Орналасқан жері: Хромтау ауданы, Хромтау қаласынан 35 км оңтүстік-оңтүстік-шығыста.

Сипаты: Ойсылқара қорымы Ақтөбе облысы Хромтау ауланындағы ең ірі мемориалды-діни кешен болып табылады. Қорымның эпонимі әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі - Ойсылқара болып саналады. Бұл кешен XVIII-XX ғ.ғ. басына жататын жалпы алаңы 100х170 м, шығыстан батысқа қарай созылған 150 бейіт орналасқан дәстүрлі ескерткіштерден құралған көне қорым болып табылады» (Ақтөбе облысы Әкімдігінің ресми сайтынан).

Түсініктеме: Мұндағы  «ХVІІІ-ХХ ғ.ғ.» деген көрсеткіштерді бірнеше мыңдаған жылдарға кері ысыру қажет.

Бура – түйенің аталығы (авторлық құқық сақталып тұр).

Бай – он екі Ата Байұлдарының арғы Атасы.

Қазақта осы Бура атауына байланысты Қарабура Әз әулие атамыздың есімі белгілі.

Қарабура Әз әулие (Бурахан Әзі) – Қарабура Қазақтың бел баласы деген мағына береді.  Зерттеуші ғалымдардың ортақ тұжырымы Қарабура - Қарахандар қағанаты заманында өмір сүрген.

Қарабура – қасиетті әулие, сопылық ілімді аса жоғары деңгейде меңгерген және осы ілімнің дамуына жан аямай көмектескен мемлекет қайраткері;

Қарабура – Алшыннан тарайтын Жетрудың бір баласы Тамалардың рулық ұраны. Бұл Қарабура әулиенің руы Тама дегенді білдіреді. Тама тайпасының атауы Қарахандар мемлекетіндегі «яғма» тайпасы атауының өзгеріске ұшыраған түрі;

Қарабура әулие – Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген Қожа Ахметтің замандасы, ол Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда денесін жуған, кебіндеген, жерлеу рәсімін толық қолынан өткізген адам;

Қарабура әулиенің аты – Ақтан сопы;

Қарабура әулиенің әкесі Әбді тама – сопылық ілімнің белсенді өкілі, мешіт ұстаған. Қарабура алғашқы білімін осы білім ордасынан алып, кейіннен осы ілімді жалғастырушы болды деп айтуымызға толықтай негіз бар.

Қарабура Әз әулие Созақ қаласында жерленген. Қарабура тірі кезінде-ақ өзінің әділдігімен, көріпкелдігімен, болжағыштығымен, ғажайып іс-әрекеттерімен қалың елді таң қалдырған, ұйыта білген Қарабура бабамызды халық әулие деп атап кетеді. Бабамыздың рухының күштілігі сондай, ол кісінің дүниеден өткеніне 1000 жылдай уақыт өтсе де, жергілікті Созақ өңірінің тұрғындары оны кеше ғана көрген әулиесі секілді тағзым етеді. Әулиенің жатқан жері жергілікті тұрғындар үшін тағзым етер жердің біріне айналып, әртүрлі ауруға, жан-дүниесі қиналысқа түскен адамдардың түнделетіп қонатын жеріне айналды.  

Тама руында Есенгелді, Жабал және Жөгі деген үш тармақ бар. Рулық таңба белгісі: Қос әліп, яғни қыпшақтардың таңбасымен бірдей. Тама руы ертедегі қыпшақтардың ежелгі жерінде, яғни Оңтүстік Оралда, Жайық және Тобыл өзендерінің жоғарғы ағысын мекендеп келеді.

ХҮ-ХҮ1 ғасырларда батыр Шора бастаған тама тайпасы Дешті-Қыпшақта, Қазан хандығының, Ноғай ордасының саяси өмірінде зор рол атқарды. Қазан қаласын (қазіргі Татарстан астанасы) басқыншылардан қорғауда жан аямай шайқасты.  «Шора батыр» жыры ел арасына кең тараған.  Осының бәрі тамалардың қыпшақтармен этникалық жағынан туыс екенін көрсетеді. Тама руының ұраны - «Қарабура». Қарабура Әз әулиені күні кешеге дейін бүкіл мұсылман баласының арасында білмеген жан болмаған. Түйелі ауыл, Қарабура, Қаратүйе-Маната, Бурабай (Боровое) бәрі бір қайнардан. Қазіргі қазақтың Ұлы Жүзі, Аға арысында Түйе деген атаудың «авторлық» құқығы жатыр. Түйенің сөз түбірі (өз түбі) Үй (Үйсін) болатыны осыдан.

«Авестада» жазылған салт бойынша жерленген адамдар қабірі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы жеріндегі Таушық кентіне жақын, теңіз жағасында орналасқан  Шақпақ ата қорымында күні бүгінге дейін сақталған.

Олардың ұстанған діндері де ежелгі қазақтардың діндерімен бірдей.  Исламға дейін қазақтарда Тәңірге табынған болатын. Олардың жазбаларында айтылатын «свастика (кірес)» таңбасы, Маңғыстаудағы ежелгі қорымдарда: әсіресе Қараман ата, Шопан Ата, Құсым Ата қорымдарында бар. Шақпақ ата мешіті крес бейнесінде салынған. Шеңбер ішіне салынған крес бейнелі алып құрылыстар Маңғыстауда көптеп кездеседі. Қазақтың киіз үйінің шаңырағы да осы таңбаның кескінін береді емес пе?  

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасымыздың ұлттық бағдарламасына сәйкес, ұлттық санамызды тірілту мақсатында сол алып мүсінді қайта қалпына келтіруді, яғни реставрация жасауды ҰСЫНАМЫН. Міне сонда сол киелі өңірде анау Египеттегі алып пирамидалар сияқты жаңа бір тарихи кешеннің әлемге танылып, қазақ тарихының жаңа бір жарқын келбеті бүкіл әлемге ашылары сөзсіз.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім