Киік атқыш браконьерлер айылын жияр емес. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай мәлім етті.
«Киік - Қазақстанның бренді. Әлемдегі киік популяциясының 90 пайызы Қазақстан аумағында шоғырланған. Бүгінде ел аумағында 334 мыңдай киік бар. 2015 жылғы індеттен 100 мың бас көлемінде киік қырылғанын білесіздер. Сол оқиға болмағанда қазір олардың саны жарты миллионға жеткен болар еді. 2018 жылдан бері браконьерлер 719 киікті қырып салған. Олардан 501 дана мүйіз тәркіленді. Ең өкініштісі, табиғи бірегейлікті сақтау жолында әріптестерімізден айырылып жатырмыз», - деді вице-министр.