14 там, 2021 сағат 16:35

2021 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды


2021 жылғы Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл тізімді мына жерден көруге болады. Сондай-ақ, ол БҒМ Telegram-каналында да жарияланды. 

Ендігі кезекте мемлекеттік білім гранты иегерлері оқуға қабылдану үшін 25 тамызға дейін құжаттарын жоғары оқу орындарына тапсыруы тиіс.

Сонымен қатар грант иегерлерінің есімі сағат 16.00-де:

— «Егемен Қазақстан» республикалық газеті және https://egemen.kz/ сайтында;

— «Казахстанская правда» республикалық газеті және https://www.kazpravda.kz/ сайтында жарияланады;

Айта кетейік, биыл Президент тапсырмасымен гранттардың жалпы саны 5 мыңға артып отыр. 

Яғни, өткен жылы білім беру гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңға дейін артты. Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген. Осы жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық.

Құжат қабылдау 16-26 шілде аралығында жүзеге асырылды. 

Үміткерлер арасында «Алтын белгі» иегері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапатталған балалар бар. Балл тең болған жағдайда олар басым құқыққа ие болады.

Сондай-ақ ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматы емес, ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған. Биыл 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 88 мыңнан астам адам жинады. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-ы.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарында грантқа үміткер бола алатынын айта кетейік.

«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін кемінде 50 балл қажет.